Жекешелендіру: Нысандар уақытында сатылымға шығарылмаса, иесі жауапқа тартылады
Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бәсекелестікті арттыруға бағытталған кәсіпорындарды жекешелендіру арқылы мемлекеттің қатысуын қысқарту жұмысы жалғасып жатыр.
Министрлік жекешелендіру бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп айтарлықтай жұмысты атқарды. Бірінші, биыл ақпан айында жекешелендіру тізбесін одан әрі кеңейту үшін активтерді іріктеу критерийлері бекітілді. Бұл маңызды аспектілер бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау құқығын бермейтін бақыланбайтын пакетке иелік ету; қызметтің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізбеу; шағын және микро кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу; жобаның өзін-өзі ақтау мерзімінің өтуі, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр әлдебір нысан көрсетілген критерийлерге сәйкес келсе, онда ол жекешелендіруге жатқызылатынына тоқталды.
Бұдан басқа, агенттіктің мандатын кеңейту шеңберінде жекешелендірудің жаңа екі критерийі енгізілді, ол монополияға қарсы органның бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсынысының болуы және монополияға қарсы орган ұсынған тауар нарығында болу мерзімінің өтуі. Жоғарыда көрсетілген критерийлер негізінде бүгінгі таңда кешенді жоспар 170-тен астам нысанды қосу арқылы өзектендірілді. Кәсіпкерлердің жекешелендіру объектісін таңдау құқығы бекітілді. Нысан жеке бастама болған жағдайда сатылуы мүмкін. Бұл ретте, жекешелендіру кезінде мемлекет мүдделерін сақтау мақсатында стратегиялық ұйымдардағы, мәселен, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», QazaqGaz компанияларында бақылау үлесін сақтау, сатып алу-сату шартын жасасқанға дейін қызметкерлер штатын қысқартпау ережелері көзделген, - деді Әлібек Қуантыров.
Айта кететін жайт, нысандар уақтылы сатуға шығарылмаған жағдайда, лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады.