Жеке деректері интернетке тараған азаматтар ЖСН-ін де өзгерте алады
Қазақстанда жеке деректері интернетке тарап кеткен азаматтар оларды, соның ішінде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) өзгертуге құқылы. Бұл туралы Құрылтайдағы брифингте ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифингте журналистер жеке деректердің интернетке тарағаны расталған жағдайда оларды өзгерту мүмкіндігі бар-жоғын сұрады.
Жандос Сүйінбайдың айтуынша, кибершабуыл салдарынан жеке мәліметтері жария болған азаматтар оларды өзгерту үшін уәкілетті органға жүгіне алады. Бұл мүмкіндік ЖСН-ге де қатысты.
Әр азамат осындай шабуылдардың салдарынан зардап шегіп, оның деректері жарияланған болса, уәкілетті органға жүгініп, деректерін өзгертуге құқылы. Бұл ЖСН-ге және басқа да дербес деректерге қатысты, – деді Жандос Сүйінбай.
Айта кетейік, бұған дейін ІІМ Азат Перуашевке жасалған кибершабуыл жайлы түсіндірді.