Жатақханалар жаңа оқу жылына дайын ба немесе студент орынсыз қалмай ма
Бүгін еліміздегі жатақханалардың оқу жылына дайындығына жүргізілген мониторинг қорытындысы жарияланды. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жатақханаларда қандай бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы өзекті мәселенің бірі – оқу орындарының, оның ішінде жатақханалардың студенттерді қабылдауға әзірлігі.
Студенттер баспанасы жаңа оқу жылына дайын ба, барлық жатақхана қауіпсіздік нормаларына сай келе ме және онда жататын жастарға қолайлы жағдай жасалады ма? Осы мәселелерді AMANAT партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты өз бақылауына алды.
Заң бұзушылықтарды анықтау және жатақханалардың тиісті нормаларға сай келуін бақылау мақсатында «Жастар Рухы» жастар қанаты ел аумағындағы ЖОО-лар мен ТжКБ-ның студенттер баспанасында жыл сайынғы мониторинг жүргізеді. Бүгінде мониторинг жұмысы жергілікті атқарушы органдармен, жастар ұйымдарымен, депутаттармен және белсенді азаматтармен бірге жүргізіліп жатыр.
Мониторинг барысында қандай заң бұзушылықтар анықталды?
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, еліміздегі жастардың басым бөлігі – студенттер. Олардың саны бүгінгі күні 1 млн-нан асады.
14 тамыздан бастап жергілікті жерлерде мүдделі азаматтармен бірлесе отырып, жатақханалардың жағдайына бақылау жүргізіп жатырмыз. 237 жатақхананы қарап үлгердік. Жатақханалардың жалпы жағдайы көңілден шықпай отыр. Түрлі мәселелер бар. Мысалы, су, жылу, электр энергиясымен жабдықтау, санитарлық талаптарға сай келмеуі, тіпті кей жерлерде жатақханада тұру мүмкіндігінің төмендігіне көзіміз жетті, - деп айтты ол.
Нұржан Жетпісбаев 11 өңірде студенттік омбудсмендермен бірге жатақханаларға мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, тексерілген жатақханалардың ішінде 70-ін жақсы, 39-ын орташа деп айтуға болады. Ал 2-еуінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Колледждер бойынша 126 жатақхананың 75-і жақсы, 36-сының жағдайы орташа, 13-інің жағдайы нашар, ал 2 жатақханада тұру мүмкін емес.
Жатақханаларға жүргізілген мониторинг барысында 11 жатақханада қауіпсіздік және санитарлық нормаларының сақталмауы, су крандарының жұмыс істемейтіні, оқу залдарының өз мақсатында пайдаланылмауы, студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындардың жоқтығы анықталды. Сонымен қатар Кеңес Үкіметі кезінде салынған жатақханалардың қайта жөндеуді қажет ететіні немесе тұруға қолайсыз екені анықталды. Яғни біз көнеден келе жатқан жатақханалар бар екенін көріп отырмыз. Тіпті 1930 жылғы жатақханаларды да көрдік, - деп айтты Жетпісбаев.
Аймақтық үлкен ЖОО-ларда осындай жағдайлар кездескен.
Қандай оқу орындарының жатақханасы талапқа сай емес?
- Ұлытау облысындағы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті;
- Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі;
- «Ақмешіт» техникалық-гуманитарлық институты;
- Теміртау кәсіптік-техникалық колледжі (Қарағанды облысы);
- Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжі (Павлодар облысы);
- Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті;
- Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжі;
- Гуманитарлық-техникалық колледж;
- Абай облысындағы Семей қаржы экономикалық колледжі;
- Алматы облысындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжі;
- Қаскелең мәдениет колледжі.
Нұржан Жетпісбаев Астанадағы барлық ЖОО мен колледж жатақханаларына осы аптада мониторинг жасалатынын атап өтті.
Жастар рухы жатақханадан туыстарына орын беретіндерге тосқауыл болады
Біз жатақханалардағы көңіл толтырмайтын жағдайды ғана емес, жалпы жастарды мазалайтын басқа да мәселелерге назар аударамыз. Мысалы, жатақханалардағы орынның заңсыз бөлінуі және берілуі. Туыстарға немесе таныстарға жатақханадан орын берілуі мүмкін. Осыған біз тосқауыл қоюға дайынбыз. «Жастар рухы» жастар қанаты арнайы тікелей желіні іске қосады: +7 776 558 44 39, - деді ол.
Нұржан Жетпісбаев елімізде жатақхана, грант үлестіруде туыстарына басымдық берілетін мәселе бар екенін жасырмады.
Мысалы, өзім 6 жыл жатақханада тұрдым. Осындай мәселемен өзім кездестім. Ол тек қана жатақхана емес, грант үлестіру, стипендия, президенттік және ректор стипендиясы бар. Өкінішке қарай, ондай жағдайлар әлі бар. Нақтырақ дәлел ретінде айтатын болсам, былтыр біз осы жедел желіні қостық. Оған былтырдың өзінде Қазақстан бойынша 200-ден астам өтініш түсті. Әрбір өтініш бойынша жеке хаттама, шешім бар. Сұранысы нақты болған студенттің жатақхана мәселесін шешіп бере алдық, - деп айтты.