Жатақханаға өтініш беру тәртібі өзгереді: Студенттерді не күтіп тұр?
Қазақстанда студенттерді жатақханаға орналастыру процесін толық цифрландыру 2026-2027 оқу жылының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал 2027-2028 оқу жылынан бастап жатақханаға өтініштерді электрондық үкімет порталы арқылы орталықтандырылған түрде қабылдау көзделген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
Премьер-министрдің мәліметінше, Ғылым және жоғары білім министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету процестерін цифрландыру жұмысын жүргізіп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін жатақханаларды басқаруға қатысты бірыңғай сәулеттік, технологиялық және функционалдық талаптарды әзірлеу жоспарланған. Бұл талаптар барлық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында қолданылады.
Қазіргі уақытта бірқатар жоғары оқу орны жатақханадан орын бөлу, бөлме таңдау, тұрғындарды есепке алу және келісімшарт жасау кезінде цифрлық шешімдерді пайдаланып отыр. Олардың қатарында Қарағанды индустриялық университеті, Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Рудный индустриялық университеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Satbayev University және Торайғыров университеті бар.
Жатақханаға өтініш беру тәртібі өзгереді
Үкімет жауабына сәйкес, 2027-2028 оқу жылынан бастап жатақханаға орналастыру туралы деректерді орталықтандырылған түрде есепке алу және өтініштерді электрондық үкімет порталы арқылы қабылдауды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта талапкерлер жоғары оқу орнына түсу үшін құжаттарын электрондық үкімет порталы арқылы тапсырған кезде жатақханаға мұқтаж екенін де көрсете алады. Конкурстық комиссиялар мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер арқылы студенттердің әлеуметтік мәртебесін тексереді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі өтініш берушілерді белгіленген өлшемшарттар бойынша тексеру мен саралау процесін толық автоматтандыруды көздеп отыр. Жүйеде өтініштер мен қабылданған шешімдердің тарихын сақтау, пайдаланушылардың әрекеттерін бақылау және шешімдерге шағымдану тетіктері қарастырылады. Бұл жұмыс дербес деректерді қорғау талаптарын ескере отырып жүзеге асырылады.
Жатақханалар мен бос орындардың бірыңғай тізімі жасалады
Жоғары оқу орындарының ақпараттық жүйелерін бірыңғай платформаға біріктіру арқылы жатақханалардың толымдылығы мен бос орындар туралы мәліметтерді көрсететін ұлттық тізілім құру жоспарланған.
Сонымен қатар өтініш беру мен қарау процесін автоматтандыру, орындарды онлайн брондау, цифрлық келісімшарт жасау және студенттердің нақты тұруын есепке алу мүмкіндіктерін енгізу көзделіп отыр.
Бұл деректер өңірлер мен оқу орындары бойынша студенттік тұрғын үйге деген қазіргі және болжамды қажеттілікті бағалауға мүмкіндік береді. Ақпарат жатақханалардың жағдайын бақылау, жаңа нысандар салу, қолданыстағыларын реконструкциялау немесе кеңейту қажеттілігін анықтау, сондай-ақ инвестициялық жобаларды жоспарлау үшін пайдаланылмақ.
Бұдан бөлек, бірыңғай платформаны eGov және eGov Mobile жүйелерімен интеграциялау жоспарланып отыр. Бұл пайдаланушылардың бір жүйе арқылы қызмет алуын және қажетті мәліметтердің автоматты алмасуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Премьер-министрдің жауабында жатақханаларды цифрландыру және орын бөлудің бірыңғай тәсілдерін енгізу бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқаны, бұл бағыт Үкіметтің тұрақты бақылауында екені атап өтілген.
Тағы оқи отырыңыз:
Грант, шәкіртақы, жатақхана: Қазақстандағы жоғары білімнің жеті жылдағы өзгерісі
Жатақханадағы орын тапшылығы: Жоғары курс студенттеріне мүмкіндік бар ма?