Жатақханадағы орын тапшылығы: Жоғары курс студенттеріне мүмкіндік бар ма?

Үшінші және төртінші курс студенттері де жатақханаға өтініш беруге және орын алуға толық құқылы.

19 Тамыз 2026, 12:33
АВТОР
 ©️ ЖИ: BAQ.KZ 19 Тамыз 2026, 12:33
19 Тамыз 2026, 12:33
134
Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек жоғары курс студенттерінің жатақханамен қамтылу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. .

Оның айтуынша, үшінші және төртінші курс студенттері де жатақханаға өтініш беруге және орын алуға толық құқылы. Олардың өтініштері бірінші және екінші курс студенттерімен бірге қаралады.

Үшінші және төртінші курс студенттері де жатақханаға өтініш береді. Бұл өтініштер міндетті түрде қаралады және назардан тыс қалмайды. Жоғары курс студенттеріне орын аз бөлінеді деген түсінік дұрыс емес. Мәселе орын санында емес, – деді Азиз Қажденбек.

Басқарма басшысының түсіндіруінше, жоғары курс студенттерінің бір бөлігі оқуымен қатар жұмыс істей бастайды. Сондықтан олар жатақханадағы ішкі тәртіп пен тұрмыс ерекшеліктеріне байланысты көбіне пәтер жалдауды жөн көреді.

Жатақхананың өз тәртібі бар. Белгілі бір режим сақталады, ортақ пайдалану орындарының жұмыс кестесі болады. Ал үшінші-төртінші курс студенттері жұмыс істей бастағандықтан, көбіне топтасып пәтер жалдап тұруға көшеді, – деді ол.

Сонымен қатар Азиз Қажденбек жатақханаға орналастыру кезінде бірінші курс студенттеріне басымдық берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, басқа өңірлерден Алматыға жаңадан келген талапкерлер қалаға әлі бейімделмегендіктен, алдымен университетке жақын орналасқан жатақханаларға орналастырылады.

Бірінші курс студенттері қалаға жаңадан келеді. Олар университеттің, қажетті инфрақұрылым нысандарының қайда орналасқанын әлі білмеуі мүмкін. Сондықтан оларды оқу орнына жақын жатақханаларға орналастыруға басымдық беріледі, – деді басқарма басшысы.

Ал жоғары курс студенттері көбіне бос орындардың орналасуына қарай жатақханаларға жіберіледі. Егер университеттің өз жатақханаларында орын жетіспесе, оқу орны жеке инвесторлармен келісімшарт жасап, студенттерді қосымша жатақханаларға орналастырады.

Азиз Қажденбектің айтуынша, оқу жылы басталғаннан кейін де жатақханадағы орындар саны өзгеріп отырады. Кейбір студенттер алғашқы айларда жатақханада тұрып, кейін жұмыс тауып немесе басқа тұрғын үй нұсқасын таңдаған соң орындарын босатады.

Әдетте қазан айына қарай бос орындар пайда болады. Кейбір студенттер бастапқыда туыстарының үйінде тұрады, кейін қалаға бейімделген соң жатақханаға өтініш береді. Сондықтан бұл үдерісте белгілі бір маусымдық өзгерістер де болады, – деді ол.

Осылайша, Алматыдағы жоғары оқу орындарында жатақханаға орналастыру кезінде бірінші курс студенттеріне басымдық берілгенімен, үшінші және төртінші курс студенттерінің де өтініштері қаралып, бос орындарға сәйкес орналастыру жұмыстары жалғасады.

Наверх