«Жасыл» жобаларды іске асыру қаржы ресурстарын тартуға жол ашады – сенатор
Бұл туралы бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылауға ұсынған болатын.
Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау Қазақстанның төмен көміртекті экономикасының жаңа моделіне серпін беруге, институттың сараптамалық әлеуетін пайдалануға, климаттық оңтайландырылған технологиялар трансферін ұйымдастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ «жасыл» жобаларды іске асыру үшін қаржы нарықтарының ресурстарын тартуға жәрдемдесетін болады. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстан көміртекті бейтарап дамудың 2060 жылға дейінгі доктринасымен жұмыс істеуде. Негізгі шаралар қатарында: көмір өндірудің жаңа жобаларынан бас тарту, электр генерациясындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін екі еселеу, қатты тұрмыстық қалдықтарды жүз пайыз сұрыптау және тек «жасыл» сутекті пайдалану бағыттары бар, - деп атап өтті сенатор.
Айтуынша, Қазақстан үшін экономикалық өсу мен экологиялық тұрақтылық интеграциясы, сонымен қатар су ресурстары мен ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа климаттық оңтайландырылған технологияларға қол жеткізуге жол ашылады.
Халықаралық институтпен ынтымақтастық Қазақстанның БҰҰ платформасындағы жаһандық климаттық үдерістегі ұстанымын нығайтуға жағдай жасайды және тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді. Бүгінде «жасыл» өсу стратегиясын іске асыру үшін қуатты кешенді ресурсқа ие болып отырған мемлекеттерде Үкімет жауапты. Біз Үкіметтен осы бағытта нәтижелі қадамдар күтеміз, - деді Жанболат Жөргенбаев.