Жастардың жайы жақсара ма?

Ақтөбе облысында былтыр 22 мыңнан астам жас тұрақты жұмыспен қамтылып, жаңа бағдарлама аясында жас отбасылар баспаналы болды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Мәди Кемешовтің айтуынша, бүгінде өңірде жастарды тұрақты жұмыспен, баспанамен қамту мәселелері басты назарда тұр. Өткен жылы осы орайда Ақтөбе облысында 22 570 жас жұмыспен қамылған. 

2022 жылы облыс бойынша 11 145 жас бос жұмыс орындарына орналасса, жастар тәжірибесі арқылы 2166 жұмыссыз жас еңбекпен қамтылды. Ал әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген жастардың саны 372 адамды құраса, уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыс орындарына жіберілген жастардың саны  — 4919. Облыста жүзеге асырылып жатқан «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 139 жас еңбекке тартылса,  «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 102 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ 277 жас қысқа мерзімді курстарға қатынасса, электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқытуға  688 адам жіберілді. Мұнымен қатар Ақтөбе облысында өз кәсібін ашуға 837 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш немесе 1 225 200 теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар берілді. Оның ішінде 426-сы — жастар. Жеке кәсіпкерлікке ниетті 2300-ден астам жас «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, оның ішінде 284-і грантқа ие болды, — дейді Мәди Кемешов.

Бүгінде Ақтөбе облысында жас ерекшелігі 14-35 аралығындағы 285 973 жас бар. Оның 203 637-і облыс орталығында тұрып жатса, 82 336-сы ауыл-аймақтарда өмір сүріп жатыр. 

Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, облыстағы 6 жоғары оқу орнында 25 270 студент оқыса, 4 жоғары оқу орнындағы жатақханаларда 4580 жас тұрып жатыр. 

Облысымызда жастарды жоғары біліммен, баспанамен, жұмыспен қамту — басты мақсат. Еліміздің болашағы саналатын жастардың әлеуметтік жағдайы қашан да жергілікті биліктің назарында. Осы орайда біз жыл сайын оқуда озат, білімді, өнерлі жастарға қолдау көрсетіп отырамыз. Мәселен, облыста жыл сайын оқу үлгерімі жоғары және қоғамдық жұмыстарға  белсене атсалысатын студенттерге арнайы стипендия тағайындаймыз. Былтыр бұл орайда 148 студентке 200 мың теңге көлемінде және кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының 40 студентіне 100 мың теңге көлемінде бір реттік облыс әкімінің стипендиясы берілді. Сондай-ақ былтыр облыстағы барлықжастар ресурстық орталықтарына түрлі мәселелермен жүгінген 4 мыңнан астам жасқа психологиялық, әлеуметтік, заңгерлік-құқықтық кеңес беріліп, қолдау көрсетілді. 2022 жылы өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысында 2200-ден астам іс-шара өткізіліп, жастардың өз-өзін дамытуына, білім, спорт, мәдениет салаларына үлес қосуына жағдай жасалды. Сонымен қатар былтыр жастарды жұмыспен қамту аясында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 4500-ден астам жас еңбекке орналастырылды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 285 миллион теңге қаржы бөлінді, — дейді бас маман.

Ақтөбе облысында жастарды баспанамен қамту мақсатында өткен жылы өңір жастарына арналған «Ақтөбе жастары» атты арнайы бағдарлама әзірленді. Комиссия шешіміне сәйкес, бағдарлама аясында 40 жас іріктеліп алынды. Тағы 12 үміткер резервке қабылданды.  Жалпы облыста өткен жылы «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 342 жас баспаналы болған. 

Былтыр жыл аяғында Астана қаласында өткен «Investment Aktobe-2022» халықаралық инвестициялық форумы аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен «Отбасы банкі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы  Ләззат Ибрагимова  жастарға жеңілдетілген пайызбен несиелік тұрғын үй беру үшін өңірлік «Ақтөбе жастары» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өзара меморандумға қол қойған болатын. Міне, сол меморандумның арқасында былтыр 40 жас мүмкіндікке ие болды. Олар бағдарлама арқылы құны 15 миллион теңгеге дейін 5 пайыз жеңілдікпен баспана ала алады. Облыста мұндай бағдарлама бұрын болған жоқ. Алдағы уақытта осы жобаны әрі қарай жалғастыру көзделіп отыр, — дейді М.Кемешов.

Өткен жылы «Дипломмен — ауылға!» жобасы аясында 147 жас маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алса, 458 маман біржолғы көтерме жәрдемақыға ие болды. Қазір өңірде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыссыз ауыл жастарын кәсіптік дағдылауға бағытталған «Дем» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл орайда Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары ауылдық жерлердегі 35 жасқа дейінгі жастарға скринингтік жұмыстар жүргізіп, ауыл жастарының паспортын жасақтаған. Жүргізілген скрининг нәтижесінде облыстағы 12 ауданда «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауылдық округтен 278 жұмыссыз жас анықталған. Соның ішінде 22 жас «Дем» жобасының бірінші кезеңіне қатысуда. Олар ауылдарда ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-мәдени және қаржылық сауаттылық бойынша үш бағытта тегін білім беру курстарынан өтпек. Осылайша олар тұрақты жұмысқа орналасып, жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алады. Айта кету керек, соңғы жылдары Ақтөбе облысында жас кәсіпкерлер саны артып келеді. Олардың дені мал шаруашылығымен,  ІТ саласымен, кондитерлік өнімдер мен тез дайындалатын тағамдар сатумен айналасады. 

Өңірімізде білім және ғылым, мәдениет және өнер, бизнес, ақпараттық технологиялар, тағы басқа да салалардағы жастар бастамаларын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жобасы жүзеге асырылды. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 9 миллион теңге қаражат бөлінді. Жоба арқылы 300 мың теңге көлемінде ауыл жастарына қайтарымсыз грант беріліп, олардың дамуына жағдай жасалды. Сонымен қатар былтыр облысымызда ерікті жастардың қатары көбейіп, олардың саны бес мыңнан асты. Бүгінде олар өңірде түрлі қайырымдылық, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыруда. Облыста құрылған 164 еріктілер тобы қазір өз жұмыстарын жүргізіп, аудандарда түрлі шаралар өткізіп жатыр. Олардың қызметін облыстық, аудандық жастар ресурстық орталықтары үйлестіріп отырады. Осы тұста айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында 14 жастар ресурстық орталығы бар. Оның ішінде біреуі — облыстық, біреуі — қалалық, 12-сі — аудандық. Оларда жалпы саны 131 маман жұмыс істейді, — дейді жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы. 

Ал «Jas Otan» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искариннің айтуынша, бүгінде облыста жастарды баспанамен қамту мәселесі өте өзекті. Себебі пәтер жалдап, тапқан нәпақасын соған жаратып жүрген жастардың қатары көп. Облыс көлемінде бүгінде баспана кезегінде тұрған жастардың санына сараптама жүргізілмейді. Ақтөбе облысы бойынша шамамен үй кезегінде тұрған 14 мың жас бар. Алайда бұл нақты көрсеткіш емес. Себебі жыл өткен сайын 35 жастан асып, жастардың санатынан шығып кететіндер немесе осы санатқа қосылатындар бар. Осы орайда өңірде баспанаға қолы жетпей жүрген жастарға сараптама жүргізілуі керек. 

Екінші мәселе — жастар арасындағы проблемалық мәселелерді кезең-кезеңмен шешу үшін жол картасын жасақтау. Себебі соңғы уақытта елімізде құмар ойынға әуестілік, есірткіге тәуелділік деректері көбейіп барады. Осы мәселелерге облыс көлемінде талдау-сараптама жүргізілсе, үшжылдық немесе бесжылдық бағдарлама қабылданса, жұмыстың нәтижесі көрінер еді. Біз алдағы уақытта осы өзекті мәселелерді шешу үшін белсенді жастардың басын қосып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдамақпыз. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Jas Otan» жастар қанаты бастама көтеріп, жұмыстанатын болады. Егер облыстық деңгейде жол картасы әзірленсе, жоғарыда аталған және тағы басқа да мәселелерді кезең-кезеңмен шешіп, өңірдегі жастарға залалы көп клубтарды, займ беретін мекемелерді жабуға болады, — дейді ол.

Шындығында, қазір елімізде есірткіге тәуелділік, интернет-алаяқтық, құмар ойынға әуестілік, ұрлық деректері көбейіп барады. Сондай-ақ соңғы кезде облыста жасөспірімдердің арасында көлікті рұқсатсыз басқарып, түрлі қайғылы оқиғаларға тап болу деректері де көбеюде. Осы мәселелерді назарға алған белсенділер мен облыстағы жастармен жұмыс жүргізетін мекемелер жан-жақты жұмыстар жүргізуге ниетті. Дегенмен нақты шаралар қай кезде жүргізілетіні белгісіз. Ал қоғамда жаға ұстатар дүниелер көбейіп, адамдар арасында адамгершілік құндылықтар азайып барады...

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы