Жастар жылы. Жастар мәселесі мен болашағы талқыланды

Астана, BAQ.KZ. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында сарапшылар «Тәуелсіз Қазақстан жастарының құндылықтары мен күтілімдері» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында қазақстандық жастардың әлеуметтік ахуалы, құндылықтары мен өмірлік ұстанымдарын талқыға салды.

Шараға «Казконтент» АҚ Басқарма төрағасы Думан Қожахметов, «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов, Еуразиялық зерттеулер институтының Ақпараттық-талдаумен қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Әзиз Искаков, сонымен бірге ҚР сарапшылар қауымдастығының өкілдері мен ӘЭСИ сарапшылары қатысты.

Сарапшылар еліміздегі жастар саясатының негізгі көріністері мен жас ұрпақты қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін өзге елдердің тәжірибесімен салыстыра отырып тілге тиек етті.

Жас буынның басты мәселелеріне білім алудағы қолжетімсіздік пен жұмыссыздықты жатқызуға болады. «Еркіндік қанаты» ҚҚ жобаларының үйлестірушісі әрі шара спикері Әйгерім Сейтенованың айтуынша, «көптеген жастарды мектептер мен университеттердегі білім беру сапасы алаңдатады».

Білім алу мен жұмысқа орналасу мүмкіндігі егемен Қазақстанның жастар саясатындағы басты басымдықтардың бірі екені белгілі. Осы мақсатта бірқатар мемлекеттік жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, «Дипломмен ауылға!» және «Жасыл ел» бағдарламалары. Бұған қоса, екі жүзге жуық Жастар ресурсы орталығы жұмыс істейді. Соңғы бес жылда олардың қатары 2 есеге көбейді.

Алайда «жастарға арналған бағдарламалар елді-мекендердің барлығында толығымен жүзеге асырылып жатпағандығын атап өткен жөн»,- деген «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов, өңірлердегі жұмысқа баса назар аудару қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, бұл мәселені шешуде қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға бақылау жүргізіп, кемшіліктерді жою үшін бірқатар ұсыныстар енгізу қажет. 

ӘЭСИ сарапшысы Серік Бейсембаевтың ойынша, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен орталықтардың бар болуы ғана емес, оның тиімділігі үлкен маңызға ие. «Ресми деректерге сүйенсек, 2018 жылы елімізде жастар саясатын қолдауға 7 млрд теңге бөлінген. Биыл шығын бұдан да көп болады. Мұндай қомақты қаржы жастардың шынайы маңызды мәселелерін шешуге бағытталуы керек», - деп атап өтті С. Бейсембаев.  

ӘЭСИ сарапшылары 2017 және 2018 жылдары халық арасында әлеуметтік сауалнама жүргізді. Оған екі мыңнан астам адам қатысқан. Әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесі, білім сапасы мен бағасы, балабақшалардың жетіспеушілігі жастардың ең өзекті мәселелері ретінде түзілген. Тұтастай алғанда жүргізіліп отырған мемлекеттік жастар саясаты осы аталған мәселелерді шешуге тырысуда және ол жастардың, әсіресе студенттердің мемлекетке қатысты оң бейілін көрсетті.  

ӘЭСИ сарапшысы Камила Ковязинаның сөзінше, жастар саясатының идеологиясы мен тетіктерін жаңарту қажет. К.Ковязина: «Жастар саясаты тиімді болуы керек. Ол әлеуметтік сатылай өрлеуге ықпал етіп, суицид пен жастардың миграциялық көңіл-күйін төмендетуге әсер етуі тиіс»,- деді.

Шараға қатысушылар бағдарлама тақырыбына сай баяндамаларын оқыды. Дөңгелек үстел пікір-таласқа ұласты.

ӘЭСИ сарапшылары дөңгелек үстелге қатысушылардың кеңестері негізінде салалық мекемелерге арнап талдау материалдарын әзірлейді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы