Жастар колледждерде оқуға құлықсыз – Бектенов
Үкімет басшысы Олжас Бектенов елімізде кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту үшін тың тәсілдер қолдану керек екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздегі колледж түлектерінің білімі мен дағдылар деңгейі көбіне жұмыс берушілердің талаптарына, жастардың өз сұраныстарына сәйкес келе бермейді. Жаңа өндірістерді ашу кезінде білікті жұмысшылардың жетіспейтінін көріп отырмыз. Ал, жастар болса, колледждерде оқуға құлықсыз, – деді Бектенов.
Премьер-министр соңғы жылдары кәсіптік техникалық білім беру жүйесін дамытуда бірқатар прогрессивті қадамдар жасалғанын атап өтті.
Қазір колледждер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқытады. 3 жыл ішінде кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайды. Егер бұған дейін колледждерге бюджет есебінен жыл сайын 93 мыңға жуық студент қабылданып келсе, осы жылы олардың саны 142,5 мыңға дейін жетті. Биыл колледж студенттерінің стипендиялары 50%-ға өсті. «Жас маман» жобасын іске асыру аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінді, – деді Олжас Абайұлы.
Бектенов кәсіптік-техникалық білім беруді қайта жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілуі керегін айтты.
Алайда қабылданып жатқан шаралар кадр даярлау сапасы жағынан біз күткендей нәтиже бермей отыр. Сондықтан кәсіптік-техникалық білім беруді қайта жаңғырту бойынша ұсынылған жаңа тәсілдерді дұрыс деп санаймын, – деді ол.
Еске сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде техникалық білімі бар мамандарға сұраныс артатынын айтты.