Жасөспірімдер неге қылмысқа барады?

Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азаймай отыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

4300 жас «ұсталып», 13 оқушы суицид жасаған

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мамандары биыл да жасөспірімдер

арасындағы қылмыс саны азаймай отырғанын айтады. Олардың айтуынша, әсіресе, түнгі мезгілде қала көшелерінде, ойын-сауық орталықтарында жүретін жасөспірімдер көп.

Мәселен, биылғы 8 айда облыстағы полиция бөлімдеріне 4300-ден астам жасөспірім жеткізіліп, оның 3900-ден астамы әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде 3700 жасөспірім түнде көше кезіп жүргені үшін «ұсталған».

Қазір Ақтөбе қаласындағы мектеп және колледж оқушылары арасында құқық бұзушылыққа баратын жастар көп. Біз осы орайда жыл басынан бері жастарға құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында 6 мыңнан астам дәріс өткіздік. Жаңа оқу жылынан бастап қала мектептерінде инспекторларымыз құқық бұзушылық, жол ережелерін түсіндіру бойынша кездесулер, дәрістер өткізіп жатыр. Жалпы бұл бағытта полиция бөлімдерінің қызметкерлері жыл сайын «Демалыс», «Жасөспірім», «Отбасы» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар мен рейдтер өткізіп келеді. Биыл да мұндай шаралар жоспарға сәйкес ұйымдастырылды, — дейді Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Нұржан Мукумов.

Оның айтуынша, бүгінде облыста бұзақылық, қылмыс жасаған, заң бұзған 279 жасөспірім есепке алынып, тіркеуде тұр. Олардың дені — ата-анасының айтқанын тыңдамай, түрлі бұзушылықтармен көзге түскендер.

Биыл мамыр айында облыстық прокуратура Ақтөбеде күн сайын орта есеппен екі адам суицид жасайтынын, бес айда 50-ге жуық тұрғын өмірімен қоштасқанын айтып, дабыл қаққан. Бүгінде, өкінішке қарай, мұндай жағдай кәмелетке толмаған балалар арасында да жиі тіркелуде. Мәселен, 8 айдың ішінде облыста 13 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Оның үшеуі оқиға орнында көз жұмса, 10 жасөспірім өзіне әр түрлі зиян келтірген. Бірі дәрі ішсе, бірі денесіне жарақат салған. Жалпы, мұндай жағдай соңғы кезде елімізде көп тіркеліп отыр.

Нұржан Мукумовтың айтуынша, бүгінде елімізде жасөспірім арасындағы суицидке байланысты шаралар заңнамамен қарастырылмаған. Бұл бағыттағы жұмыстарды тек психологтар ғана жүргізеді.

Біз әрдайым мектеп психологтарымен бірлесіп, жұмыс жасаймыз. Олар баланың көңіл-күйін, мінез-құлқын бақылап, олардың осындай жағымсыз оқиғаларға душар болмауына жауап береді. Ал суицидтің алдын алуға бағытталған шараларды өткізу Ішкі істер министрлігінің ешқандай бұйрығында жоқ. Біз осындай жағымсыз оқиға болған жағдайда департаментке хабарлама келіп түссе ғана тексеріс жұмыстарын жүргізе аламыз, — дейді полиция полполковнигі.

Оның айтуынша, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы көп жағдайда отбасында болған дау-жанжалдармен тікелей байланысты. Мәселен, кейбір жасөспірімдер ата-анасымен ренжісіп қалса немесе отбасындағы жақындары көңіл бөлмесе, басқа да отбасылық жанжалдар болған жағдайда осындай әрекетке барады екен.

Жоғарыда айтылғандай, биыл өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған жасөспірімдердің екеуі созылмалы аурумен ауырған. Олар денсаулығына байланысты қиындықтарды көтере алмай, бұл өмірмен қоштасуға бел буған. Ал үшіншісі белгілі бір себептерге байланысты өз-өзін өлімге қиған. Жалпы, аталған 13 деректің 11-і Ақтөбе қаласында болып отыр. Былтыр облыс бойынша жасөспірімдер арасында 23 суицид дерегі тіркелген болатын, — дейді Нұржан Мукумов.

Облыстық полиция департаменті инспекторларының айтуынша, жасөспірімдердің көбі түн мезгілінде көшеге шыққанда ата-аналарын алдаусыратып, «қазір келемін» деп алдап кетеді екен. Ал бірқатары, тіпті, әке-шешелерін тыңдамайды.

Заңнама сүйенсек, кез келген кәмелетке толмаған жас түнгі 23.00-ден кейін көшеге шықпауы керек. Ал түнгі 22.00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде жүрмеуге тиіс.

Баланың өміріне психолог жауапты ма?

Қазіргі таңда еліміз бойынша барлық мектептерде инспекторлар жұмыс істемейді. Егер қандай да бір оқиға болса, мектеп орналасқан аумақтағы полиция бөлімдеріне бара аласыз. Алайда «үйі-күйі бөлек» отырған инспектор қай мектептің баласының іс-әрекетіне жауап береді? Бірнеше инспектор мыңдаған баланы қалай тексеріп-тергейді? Міне, мәселе қайда жатыр?!

Қазір көп жерде оқушылардың жасаған әрекетіне, әсіресе, қылмыс жасаса немесе өз-өзіне қол жұмсаса мектеп психологын кінәлайды. Бір психолог мыңдаған баланың көңіл-күйі мен мінез-құлқын қалайша аз уақытта зерттеп, зерделей алады? Немесе бір маман жүздеген баланы бір мезетте бақылайды?

Ақтөбе қаласындағы №16 орта мектептің психологы Ақалтын Машардың айтуынша, қазір оқу орнында жасөспірімдердің мінез-құлқын бақылау оңай емес. Олардың көңіл-күйі сағат сайын құбылады, күн сайын өзгереді. Себебі жасөспірімдердің көбі өтпелі кезеңде «жүреді».

Біздің мектебімізде 1205 бала екі ауысымда білім алады. Мектепте екі психолог жұмыс істейміз. Өкінішке қарай, оқушылармен, олардың ата-аналарымен, кей жағдайда ұстаздармен жұмыс жүргіземіз. Әрі кеткенде бір күнде үш оқушының жағдайын бақылап, олармен сұхбаттаса аламыз. Ал мың баланың барлығымен әңгімелесіп, олардың хал-ахуалын білу мүмкін емес. Олардың ішінде жасөспірімдермен жұмыс жүргізу, олардың мінез-құлқын зерттеуге көп уақыт керек. Жалпы, білім беру мекемесінде оқушылар арасында өз-өзіне қол жұмсау, қорлау, басқа да қылмыстың алдын алу мақсатында жүйелі түрде іс-шаралар өткізіледі. Мәселен, біз оқушылар арасында күйзелісті, стресті және мазасыздықты анықтау үшін сауалнамалар жүргіземіз. Жыл бойы осы мәселенің алдын алуда сабақтар, тренингтер ұйымдастырамыз, — дейді мектеп психологы.

Оның айтуынша, психологтар мектепте білім алушылардың арасында буллингті болдырмау үшін сауалнамалар жүргізіп, кинофильмдер көрсетеді, оқушылармен топтық және жеке әңгімелесулер, сынып сағаттарын өткізеді. Сондай-ақ оқу орнында пошта және сенім телефондары жұмыс істейді. Мамандар әрдайым мектеп басшылығымен, сынып жетекшілерімен, ата-аналармен бірлесе жұмыс жүргізіп отырады.

Басқарма мамандары не дейді?

Бүгінде облыстағы мектептерде балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 24/7 режимінде жұмыс істейтін «Bala Qorgau» QR-коды арқылы тегін консультациялық көмек көрсететін жүйе бар. Биыл сондай-ақ Ақтөбе облыстық білім басқармасы пилоттық режимде «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі бойынша жұмыс жасауды жоспарлап отыр. Бұл жүйе балалар арасында буллинг, суицид, зорлық-зомбылық көрсету деректерінің алдын алуға бағытталады.

Қазіргі таңда облысымызда отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында облыстың барлық білім беру ұйымдарында «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі» құрылып, жұмыс жасауда. «Жастар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын және қауіпсіз мінез-құлқын қорғау», «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі» жобаларын жүзеге асыру көзделген. Осы мақсатта меморандум аясында барлық білім беру ұйымдарында «Әкелер мектебі» құрылып, мектеп мүшелері жасөспірімдер тәрбиесі, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды дәріптеумен айналысып, отбасылық тәрбиені насихаттап, жұмыстар жүргізуде. Ал ата-аналарға арналған ақпараттық материалдар «Ата-аналарға көмектесу үшін» атты буклеттерге, «Отбасындағы зорлық-зомбылық», «Мен жақын» атты жадынамаларға орналастырылды. Сондай-ақ өңірімізде жасөспірімдер мен олардың ата-аналарф үшін «Жан сыры» психологиялық консультация кабинеті үздіксіз кеңес беріп, қолдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазір жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, жыныстық қолсұғушылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында біз тәрбиеленушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Амина Нұрманова.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында қолайсыз отбасыға дер кезінде қажетті қолдау көрсету, оларды қайта қоғамға бейімдеу, тиісті құқықтық, әлеуметтік жұмыстар жүргізу мақсатында «Жәрдем» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба берекесі кетіп, тыныштығы бұзылған шаңырақта тәрбиеленіп жатырған балаларды бақылауға алып, тиісті қолдау көрсетуді, отбасындағы зорлық-зомбылықтан, қатігездіктен қорғау, отбасылық құндылықты қалыптастыруды мақсат тұтады. Платформа ата-аналарға бағытталған және балаларды қолдауға арналған.

Облыста зорлық-зомбылыққа ұшыраған және жүкті болған жасөспірімдерге медициналық, психологиялық консультациялық көмек көрсету мақсатында «Сенім телефоны» жұмыс істейді. Сондай-ақ облыстық білім басқармасы мен білім бөлімдерінің «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында да жедел желі орналастырылған, — дейді Амина Нұрманова.

Көп балалы әке Нұрым Сансызбаевтың айтуынша, жастардың қылмысқа, жағымсыз іс-әрекеттерге бейім болуы отбасында алған тәрбиесі мен жүрген ортасына тікелей байланысты. Қазір қоғамда жастар арасында еліктеушілік көп. Соның салдарынан, әсіресе, қалада заң бұзатын, тәртіпке бағынбайтын жастар көбейіп барады.

Біз бұрын көшеде мұғалімімізді көрсек, бас киімімізді қолымызға ұстап, амандасу үшін күтіп тұратын едік. Той-томалаққа, ойын-сауық болатын жерлерге бармайтынбыз. Бізді әке-шешеміз солай тәрбиеледі. Негізі, тәрбие де, тәртіп те отбасынан басталады. Сондықтан қазіргі ата-аналар балаларын еркелетпей, барынша қатал болуы керек. Қазақта: «Баланы — жастан» деген сөз бар. Соны ұмытпауымыз керек. Мен өзім отбасында бес бала тәрбиелеп отырмын. Балаларымды жақсы көремін, дегенмен қажет кезінде оларға қаталмын. Баланы қайырмасаң, болмайды. Ертең ол өскенде ешкімге бағынбай кетеді, — дейді көп балалы әке.

Иә, қалай десек те, кез келген жас тәрбиені өз отбасынан алады. Сондай-ақ олардың жүріс-тұрысына жүрген ортасы мен қоғамның да ықпалы зор. Дегенмен кез келген ата-ана өз баласын әркез бақылап отыруы керек. Егер бақылауды босаңсытып алсаңыз, кейін оның «нәтижесін» көруіңіз мүмкін...

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы