Жасампаз ел болу үшін ең алдымен мызғымас құндылықтарымызға арқа сүйеуіміз қажет – Тоқаев
Президент зиянды өндіріс қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік қорғау және азаматтардың құқықтарын күшейтуге бағытталған заңдардың маңызын атап өтті.
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік қолдау ең алдымен оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағытталуы тиіс.
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмектің көп деңгейлі жүйесі жолға қойылған. Бұл көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Көмек "Отбасының цифрлық картасы" технологиялық шешімі арқылы көрсетіледі, – деді Президент.
Зиянды өндіріс жұмысшыларына жаңа кепілдіктер берілді
Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың бастамасымен ұзақ жылдар бойы көтеріліп келген маңызды мәселе шешімін тапқанын айтты.
Президенттің сөзінше, енді зиянды өндірістерде еңбек ететін азаматтардың әлеуметтік қорғалуы заңмен күшейтілді.
Парламент депутаттарының табандылығы арқасында зиянды өндірісте еңбек ететіндердің мәселесі шешілді. Бұл жиі көтеріліп, әбден жауыр болған түйткіл еді. Енді өндіріс еңбеккерлері әлеуметтік төлем алуға, 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін жеңілірек жұмысқа ауысуға заң жүзінде қақылы, – деді Мемлекет басшысы.
Қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған заңдар қабылданды
Президент соңғы жылдары қабылданған бірқатар заңнамалық шешімдердің қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.
Оның айтуынша, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, халықтың шамадан тыс несие алуын шектеу, ойынқұмарлықпен, есірткі қылмысымен және кибералаяқтықпен күреске бағытталған заңдар маңызды өзгерістердің бірі болды.
Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуға, ойынқұмарлыққа, есірткі қылмысына және кибералаяқтыққа қарсы күрес шараларына қатысты қабылданған заңнамалық шешімдеріңіз жұртшылықтың кең қолдауына ие болды, – деді Президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет жүргізіп отырған барлық реформаның түпкі мақсаты туралы айтты.
Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – жоғары конституциялық қағидаттарды іске асыра алатын білімді, дені сау, зияткер әрі озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін белгілі болғандай, азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр. Президент медицина саласының дамуы, халықтың өмір сүру ұзақтығы және ұстаздар мен дәрігерлерді қолдау шаралары туралы айтты.