"Жарық", "Қуат": Қазақстандықтар болашақ АЭС-ке қандай атаулар ұсынып жатыр?
Мәжіліс кулуарында Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев журналистердің АЭС атауына байланысты жарияланған байқау туралы сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда байқауға 20 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.
Азаматтар бұл байқауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Біз алдын ала талдау жүргіздік. Ұсыныстар негізінен үш бағытқа бөлінеді, – деді Сәтқалиев.
Бірінші бағыт – географиялық атауларға негізделген. Мысалы: "Балқаш", "Іле", "Үлкен", "Мойынқұм", "Мойынқұм АЭС" сияқты атаулар ұсынылған. Бұл атаулар болашақ станцияның орналасу аймағымен байланысты.
Екінші бағыт – тарихи, саяси және ғылыми тұлғалардың есімін беру. Мысалы, Академик Шокин, Батуров, Абай, Қаныш Сәтпаевтың есімдерін станция атауы ретінде беру ұсыныстары бар.
Үшінші бағыт – техникалық және энергетикалық мағынадағы сөздермен байланысты. Бұл қатарға: "Жарық", "Қуат", "Бейбіт", "Атом", "Энергия", "Энерго" секілді сөздер кіреді.
Қазір бұл ұсыныстарды арнайы құрылған комиссия қарап жатыр. Оның құрамында этнографтар, тарихшылар, уран өнеркәсібінің мамандары, блогерлер мен қоғам белсенділері бар, – деп атап өтті агенттік төрағасы.
Алдағы уақытта келіп түскен барлық ұсыныстар талқыланып, соңғы шешім қабылданатын болады.
Еске салайық, бұған дейін екінші АЭС-тің қайда салынатыны белгілі болды.