Жарылыс болған жерге жақын аумақтан снарядқа ұқсас зат табылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында жарылыс болған әскери бөлімнен 500 метр қашықтықта орналасқан жол бойындағы кешеннің артынан снарядқа ұқсас зат табылды.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Вице-премьер Роман Скляр мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде зардап шеккен нысандарды аралады. Оның бірі - жол бойында орналасқан кафе ғимараты. Белгілі болғандай, оның иелері кафе аумағынан снарядқа ұқсас зат тауып алған.
Журналистер әкімнен онда қандай зат бар екенін сұрады. Бұл сауалға жауап берген аймақ басшысы бірге барып, анықтауды ұсынды.
Скляр мен Сапарбаев көптеген журналиспен бірге снаряд анықталған жерге барды.
Табылған затты қарап-шыққан олар бірден саперлерді шақырды. Мамандардың айтуынша, бұл ДМ-70 минасызданған зарядтың жанып кеткен қозғалтқышы.
Айта кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды. Соңғы мәліметтер бойынша қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болғандар саны 9-ға жетті. Бүгін Үкіметтік комиссия Жамбылдағы жарылыс зардабын бағалайтыны анықталды. Ал Қорғаныс министрі оқ-дәрілерді сақтайтын екі базаның құрылысын ұйымдастыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.