Жақып Асанов Сенаттың вице-спикері атанды
Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы лауазымына қайта сайланған Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Сенат төрағасының орынбасары сайлау туралы. Конституцияға сәйкес Сенат төрағасы орынбасарының кандидатурасын Палата төрағасы ұсынады. Осыған орай Сенат төрағасының орынбасары қызметіне депутат Асанов Жақып Қажыманұлының кандидатурасын ұсынамын, - деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Сенат регламентіне сәйкес шешім ашық дауыс беру режимінде қабылданды
Депутаттар ұсынысты бірауыздан мақұлдады.
Маған көрсеткен қолдауларыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Бұл тек биік лауазым емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Мұның барлығын жақсы түсінемін. Сондықтан бар күш-жігерімді, білімімді, тәжірибемді сіздермен бірге Қазақстанымыздың заңдарының сапасын одан әрі жақсартуға жұмсаймын. Барлығымызға тілеймін, - деп атап өтті Жақып Асанов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сенаттың жаңадан сайланған төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент пен халықтың сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтқан болатын.
Конституцияға сәйкес, Президентіміз Сенат төрағасы қызметіне кандидатураны ұсынып, маған зор сенім білдірді. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік, - деді Сенат спикері.