Жақсылықов қатардағы жауынгерін Азия чемпионатындағы жеңісімен құттықтады

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Азия чемпионы мерзімді қызметтегі әскери қызметші қатардағы жауынгер Санжар Досжановпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Санжар күреспен он бір жасынан бастап айналысқан. 2021 жылы «Шаңырақ» колледжінің дене шынықтыру факультетін бітіріп, сол жылы табандылығының арқасында еркін күрестен Қазақстан чемпионы атағына ие болды.

Оқуды бітіргеннен соң да Санжардың спортқа деген ықыласы артып, 2022 жылдың өзінде-ақ ол 50 рет белдесуге шығып, оның көбін жеңіспен аяқтады.

Елордалық Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 13 сәуірде өткен Азия чемпионатында Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің мерзімді қызметтегі сарбазы қатардағы жауынгер Санжар Досжанов төрт кездесу өткізіп, ақтық сында Өзбекстаннан келген палуанмен шықты. Қарсыласын 2-0 есебімен жеңіп, алтын олжалап, Азия чемпионы атанды. Бұл оның халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі жеңісі.

Турнирдің өз елімде, астанада өткені мені рухтандырса керек, намысты қолдан бермедім, – деп қатардағы жауынгер Санжар Досжанов жанкүйерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Азия чемпионатында жеңіске жеткен алтын жүлде иегерімен кездесті. Чемпион өзінің бұл жеңісі тынымсыз жаттығулардың нәтижесі екенін атап өтті. 

Мұндай мықты жеңістер – әскеріміз үшін баға жетпес тәжірибе. Болашақта біздің әскери қызметшілер әлем чемпионаты мен Азия ойындарына дайындалуды жоспарлап отыр, - деді министр.

Министр палуанды құттықтап, оған спортта жаңа жетістіктер тілеп, естелік ретінде сыйлық табыс етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы