Бүгiн 2026, 11:43 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жапония халқы 3 миллион адамға азайды

Жапония халқының саны бұрын-соңды болмаған қарқынмен төмендеді.

Жапония халқының саны 123 миллион адамға дейін азайып, 2020 жылдан бері 3 миллионнан астам тұрғынға кеміді.

Елдегі туу көрсеткіші осымен оныншы жыл қатарынан төмендеп келеді. Бұл туралы жапондық Mainichi басылымы жазды.

Ішкі істер министрлігінің 2025 жылғы 1 қазандағы ресми статистикалық мәліметтеріне сәйкес, елде заңды түрде тұрып жатқан шетелдік азаматтарды есепке алғанда, мемлекеттің тұрақты халқының саны 123 миллион 49 мың 524 адамды құрады. Бұл қорытынды көрсеткіш 2020 жылғы халық санағы кезінде тіркелген мәліметтерден 2,5 пайызға төмен болып шықты.

Айта кетерлігі, тұрғындар санының өсімі тек астаналық Токио префектурасы мен аралдық Окинава префектурасында ғана тіркелген, ал елдің қалған барлық аймақтарында айқын демографиялық құлдырау байқалады. Бүгінгі таңда Жапония астанасында шамамен 37 миллион адам тұрады, бұл бүкіл ел азаматтарының жалпы санының 30,1 пайыздан астамын құрайды.

Халық санының ресми түрде азаюы 2015 жылдан бастап осымен үшінші рет қатарынан халық санағының қорытындысы бойынша тіркеліп отыр және қазіргі төмендеу қарқыны мемлекеттік статистика жүргізу тарихындағы ең ауқымды көрсеткішке айналды.

Үкімет шенеуніктері бұл дағдарысты туу деңгейінің өте төмендеуімен және жапон қоғамының жедел қартаюымен түсіндіреді, сонымен бірге бейінді министрлік ұзақмерзімді перспективада жағдайдың бұдан былай да нашарлай беретінін болжайды.

Сарапшылардың алдын ала есептеулері бойынша, 2025 жылы Жапонияда бар-жоғы 706 мыңға жуық бала дүниеге келген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 2,1 пайызға аз. Осылайша, елдегі жалпы туу көрсеткіші осымен оныншы жыл қатарынан үздіксіз төмендеп келеді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық жылқы еті Жапония нарығына шығуы мүмкін екені хабарланды