Бүгiн 2026, 12:00 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова

Жануларды қатыгездікпен өлтіргендер 5 жылға сотталуы мүмкін 

Мәжіліс депутаты Қылмыстық кодекстің 316-бабына енгізілетін өзгерістерге тоқталды.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин жануарларға қатыгездік көрсеткендерге қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесі көтерілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырма аясында қолға алынған.

Депутаттар тағы бір үлкен мәселені ұсынып отыр. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жануарларға қатыгездікпен қарау мәселесіне байланысты жауапкершілікті күшейту мәселесін қойған болатын. Бұдан басқа, осы жануарлардың иесіне де қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесі айтылған. Себебі қазір қоғамда өте үлкен резонанс болып жатыр. Осыған орай заң аясында Қылмыстық кодекске және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілді, – деді Жаңбыршин.

Оның сөзінше, жануарларды күтіп ұстау, қарау және иелерінің жауапкершілігін арттыруға қатысты баптарға арнайы түзетулер енгізіліп, айыппұл көлемі бірнеше есе ұлғайтылмақ.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Қылмыстық кодекстің 316-бабына енгізілетін өзгерістерге тоқталды.

Қылмыстық кодекстегі 316-баптың екі бөлімі бар. Бірінші бөлімінде жануарларға зақым келтіргендерге қатысты жауапкершілік екі ай еді. Енді оны 6 айға дейін көтеріп, қамауға ұстау мәселесі қаралып жатыр. Ал екінші бөлімінде жануарларды қатыгездікпен өлтіргендерге бұрын 2 жылға дейін жаза қаралса, енді 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілеу ұсынысы енгізіліп отыр, – дейді депутат.

Еске салайық, бұған дейін Жаңбыршин ұғым бұрмаланғанын, заңда жануарларды “ату” туралы норма жоқ екенін мәлімдеді.

Тағы оқи отырыңыздар:

Бұралқы иттерді асырау қанша тұрады? Шығын есептелді

Қаңғыбас иттерге бөлінген миллиардтар қайда? Депутаттар тексеру жүргізуді талап етті