Жангелдин ауданының атын Ахаңның атымен атау керек – айтыскер ақын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында Ұлт көсемі Ахаңның туған жері Ақкөлге барып қайттым. Ахаңның кіндік қаны тамған Сарытүбектегі үйіне де кірудің сәті түсті. Осыдан он шақты жыл бұрын сол жердегі Ақкөл, Қарасу ауылдарының тұрғындары асар жасап Сарытүбектегі Ахаң туған үйді қалпына келтірген болатын. Қарасу ауылының тұрғындарымен пікірлестік. Ахаңның ұрпақтары біраз өкпе-реніштерін айтты. Бұл туралы айтыскер ақын Айбек Қалиев Фейсбуктегі парақшасында жариялады.

Ахмет Байтұрсынұлының аса көп насихатталмай жүргенін, Алты Алаштың мұңын жоқтаған Ахаңның қазір тек Үмбетей руына ғана қажет боп қалғанын ашына айтты. Расында да біз өте науқаншыл боп кеттік, ұлыларымызды тек мерейтой қарсаңында ғана есімізге алып, жайшылықта мүлде ескере бермейміз. Әл-Фараби мен Абайды да тек биылғы мерейтойында ғана жаппай насихаттап жатырмыз. Алда 2022 жылы Ахаңның 150 жылдық мерейтойы. Ұзынқұлақтан 2022 жыл "Ахмет жылы" деп аталып, ЮНЕСКО көлемінде тойланады деген жақсы хабарлар да жетіп жатыр. Той да дүркіреп өтер, айтысы мен бәйгесі, палуандар күресі мен ғылыми конференциясы да өтер, ас та ішілер, аяқ та босар, бірақ осы тойдан қалар бір белгі болуы қажет қой. Ауыл тұрғындарымен пікірлесе отырып, солар айтқан үш мәселені ортаға салғым келіп отыр, - деп жазды айтыскер ақын.

Осылай деген ақын "бірінші, Ахаңның Сарытүбек деген жердегі кіндік қаны тамған туған үйін сол жердегі Ақкөл, Қарасу ауылының тұрғындары асар жасап, өз қаражаттарына қалпына келтірген болатын. Бірақ сол үйдің қазіргі қалпы көңіл көншітпейді. Архитектор азаматтар сол Сарытүбектің туристер мен зиярат етушілердің келуіне лайықтап эскиз-макетін дайындап отыр. Бұл, әрине, қаржыны қажет етеді. Сарытүбектің дәл жанында Ахаңның атасы Шошақтың, әкесі Байтұрсынның және анасының зираты тұр. Ол зиратты да ауыл тұрғындары қоршау жасап күтімге алған. Енді осы жерді абаттандырып, Ахаң туған үйді қалпына келтіріп, жанына қонақ күтетін үй мен шағын мұражайы ашылса" деп жазды Айбек Қалиев.

Сондай-ақ, ол Ахаң туған Сарытүбекті, айдынды Ақкөлді көріп, зиярат етушілер көп екенін айтты.

Алайда ол кісілер жол азабын көріп, асқан қиындықпен барады. Өйткені Ақкөл ауылына баратын 100 шақырымдық жол Ахаңның өмір жолы сияқты азапқа толы. Әсіресе, көктем, күз айларындағы жауын-шашын кезінде жол мүлде езіліп кетеді, ал қыстағы боранда апталап ашылмай жатады. Аудан әкімдігі қанша қаржы құйғанымен, көтерме жол бетінде асфальты болмағасын жауын-шашында жүруге жарамай қалады. Былтырғы наурызда елордадан келген лауазымды кісілерді апарамын деп жарты жолдан батпаққа батып, қайтып келгенмін. Ахаңның 150 жылдығында осы 100 шақырым жолға асфальт төселсе, Ахаңның кіндік қаны тамған үйіне туристер мен зияратшылардың келуіне мол мүмкіндіктер тудырар еді. Оның үстіне Ақкөлдегі Қаратұздағы емдік су мен Тентексайдағы емдік қасиеті бар ыстық суға да келушілер қарасы молаяр еді, - деді айтыскер ақын.

Сондай-ақ, ол Ахмет Байтұрсынұлы туған аудан бүгінде Жангелдин ауданы деп аталатынын, былтыр Қостанай облысының Таран ауданы Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Биағаңның есімін иеленгенін жеткізді.

Торғай жұртшылығы да, жалпы алашшыл зиялы қауым да Ахаңның 150 жылдық мерейтойынан үлкен бір өзгерісті, Осы Жангелдин ауданының есімін Ахаңның атымен атауды күтіп отыр. Әрине, Әліби Жангелдиннің де елеулі еңбегі бар шығар, бірақ салыстырмалы түрде Ахаңның еңбегі басым екендігі дау тудырмайды. Жангелдиннің есімі кеңес заманында насихаттаудан кенде болған жоқ. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да Жангелдиннің атындағы ауыл, жоқ дегенде мектеп пен көше атауын міндетті түрде кездестіресіз. Сондықтан, бұған Әлекеңнің рухы да разы болады деп ойлаймыз. Ахаңның мерейтойында осы үш мәселе шешілсе, Ахаңа қойылған мәңгілік ескерткіш болар еді. Сіздер қалай ойлайсыздар? - деп оқырмандарына сұрау салды айтыскер ақын?


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы