30 Қазан 2026, 20:41 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Жаңбыр және қар: Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы жарияланды

2026 жылғы 31 қазан – 2 қараша аралығындағы Қазақстан аумағы бойынша ауа райы болжамы.

Синоптиктер алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік-батыс циклонының жырасы мен онымен байланысты атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болатынын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Елдің солтүстігі мен шығысында көктайғақ болады. Тек Қазақстанның батысы мен солтүстік-батысында антициклон жотасының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша жел күшейеді, оңтүстікте күндіз шаңды дауыл күтіледі. Түнгі және таңертеңгі уақытта елдің солтүстігінде, шығысында, сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында тұман болады, - деп жазылған «Қазгидромет» РМК хабарламасында. 

Республика бойынша ауа температурасының айтарлықтай өзгеруі күтілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» РМК Қазақстанда биыл қыс қандай болатыны туралы болжам жасады.