Бүгiн 2026, 12:46 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жанабыловтардың ұтыс ойынына тігілген автокөліктер Астанада сатылымға шығады

Бұған дейін блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың ұтыс ойынына қатысты хикаяда бой көрсеткен дәл сол көліктер электронды саудаға шығарылды.

Сегіз Hyundai Elantra автокөлігін «E-Qazyna» мемлекеттік мүлік порталы арқылы сату жоспарланып отыр.

Платформа мәліметтеріне сәйкес, бұл көліктер құрылтайшысы Эльмира Төлегенова болып табылатын «ZHANA BUSINESS» ЖШС-не тіркелген.

Кейбір автокөліктердің бастапқы құны шамамен 8,4 млн теңгені құрайды. Сауда-саттық 7 шілде күні сағат 10:00-де басталады. Бірінші кезеңде көліктерді тек заңды тұлғалар – мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, соның ішінде әлеуметтік және білім беру ұйымдары сатып ала алады.

Мемлекеттік органдар тарапынан өтінімдер болмаған жағдайда, автокөліктер ашық саудаға шығарылып, оған кез келген ниет білдіруші қатыса алады.

Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге аппелляция берілген болатын.

Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың ұйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.

Анықталғандай, Жанабыловтар тергеумен келісімге келді. Сот барысында судья әр айыпталушының ұстанымын жеке нақтылады.

Блогер Жанабылов пен Төлегеноваға сот үкімі жарияланып, екі айыпталушы да кінәлі деп танылды.

Сот отырысы барысында Жанабыловтардан қандай мүлік тәркіленетіні айтылды.