Жаңа Салық кодексі қателіксіз енгізілуі тиіс – Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Жаңа Салық кодексін енгізу барысы тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа Салық кодексін енгізу бойынша жұмыс тұрақты бақылауда. Кодекс қабылданған сәттен бастап жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық 20 өңірде 130 мыңға жуық бизнес өкілдерінің қатысуымен семинарлар ұйымдастырылды. 1 500-ге жуық сұрақ келіп түсті, олар бойынша түсініктемелер берілді. Тұрақты кері байланыс қамтамасыз етілуде. Кодекске қол қойылған сәттен бастап 1 400-ге жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде ағымдағы жылдың басынан бастап – 205 өтініш. Бизнес сұрауларының көпшілігі қолданбалы негізде: бұл салық режимін таңдау, ұзақ мерзімді шарттарды орындау, сондай-ақ жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану мәселелері, - дейді Жұманғарин.

Жұмысты жеңілдету үшін Үкімет жанынан Салық кодексін енгізу және реттеуші ортаны жеңілдету жөніндегі жобалық кеңсе құрылмақ.

Жобалық кеңсе бизнестің өтініштері шоғырланатын, келісілген шешімдер қабылданатын және мемлекеттің бірыңғай ұстанымы қалыптастырылатын бірыңғай үйлестіру нүктесіне айналады, - деді ол.

Жұманғарин бұған дейін айтылған сындарлы ұсыныстар мұқият қаралып, қорытындысы бойынша түзетулер енгізудің қажеті немесе қажет еместігін анықталатынын айтады.

Жобалық кеңсе Салық кодексінің жаңа нормаларына ешқандай қайшылықтар мен ақаусыз біркелкі, болжамды және келісілген түрде көшуді және реттеуші ортаны жеңілдетуді қамтамасыз етеді. Жоспарланған шаралар халықтың әл-ауқатының артуымен қатар жүретін одан әрі орнықты және сапалы өсу үшін негіз жасайды, - дейді ол.

Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңа инвестициялық цикл басталып, экономиканы дамытуға бағытталған тың шешімдер қабылданып жатқанын мәлімдеді. Президенттің сөзінше, Салық кодексі – өзгермейтін құжат емес.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы