«Жаңа Қазақстан». Мәжілісмен депутаттық топтың құрылу себебін атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихаты барысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтты. Сондай-ақ ол топтың құрылу мақсаты мен шарттарына тоқталды.
«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының құрылуы себебі, оның шарты туралы айтуға рұқсат етіңіздер. Өздеріңіз білесіздер, кеше Мәжілістің жалпы отырысында әріптесіміз Еділ Жаңбыршин топтың мәлімдемесін жариялаған болатын.
Қазір ол кісі Үкіметте Жаңаөзен мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Біздің ең басты мақсатымыз – қаңтар трагедиясынан кейінгі еліміздегі шынайы реформаларды қолдау. Президент бастаған елді жаңғыртатын бастамаларды қолдап, оларды саботажға, тоқтатуға, соңына ысыруға жол бермеу. Екіншіден, сөзсіз кез келген үлкен саяси реформалар заң шығарушы және өкілетті органнан басталуы керек. Біздің түпкілікті мақсатымыз – Мәжілістің жұмысын жаңа жолға, жаңа арнаға бұру, - деп атап өтті мәжілісмен.
Оның айтуынша, Мәжілістің ашықтығы, белсенді әңгіме көтеріп, оны қозғауы да үлкен мәселенің біріне айналып отыр.
«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы Мәжілістің регламентін, Мәжіліс туралы, Мәжіліс депутаттары туралы заңнаманы өзгерту өз қолымызда тұр. Елімізде жүргізіп жатқан бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс істеп, талаптарды күшейтеміз. Жақында Президент наурыз айында үлкен саяси реформалардың жарияланатындығын айтқаны белгілі. Соған белсене атсалысу, еліміздегі реформалардың дұрыс жүргізілуін, оның шын мәнінде қоғамның, халықтың талабынан шығуына назар аударамыз. Оның белсенді субъектісіне айналамыз, - деді Айдос Сарым.
Сонымен қатар белгілі саясаткер аймақтағы өкілетті органдардың жұмысын жандандырамыз деп отыр.Қоғамдық кеңестерге, мәслихаттарға өзгерістер керектігін алға тартқан депутат оларға жақсы үлгі көрсету үшін еңбек етеміз дейді.
Еске сала кетейік, бұған дейін мәжілісмен Наталья Дементьева депутаттық топтан алғашқы нәтижені қашан күтуге болатынын айтқан еді.