Бүгiн 2026, 15:01 Фото: Ұлттық статистика бюросы

Жаңа Конституцияның алғашқы сәбилері: Бір күнде 857 нәресте дүниеге келді

Еліміз үшін тарихи күні жүздеген отбасы қуанышқа бөленді. Сол күні қанша ұл, қанша қыз және қай өңірлерде егіздер туғанын оқыңыз.

1 шілдеде – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енген күні елімізде 857 сәби дүниеге келді. Осылайша бұл күн жүздеген отбасы үшін мемлекеттің ғана емес, өз әулеттерінің тарихындағы ерекше датаға айналды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа туған нәрестелердің 435-і – ұл, 422-сі – қыз.

Сондай-ақ Атырау және Алматы облыстарында егіздердің екі жұбы өмірге келді.

Министрлік бұл күннің ерекше символдық мәнге ие екенін атап өтті. Өйткені 857 қазақстандықтың өмір жолы еліміздің конституциялық дамуындағы жаңа кезең басталған күні бастау алды.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі нәрестелі болған барлық отбасын құттықтап, сәбилерге зор денсаулық, бақытты балалық шақ және баянды болашақ тіледі.

Айта кетейік, бүгін, яғни 1 шілдеден бастап Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Жаңа Конституцияның күшіне енуімен 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясының күші жойылды.