“Жан ашу керек қой”. Аймағамбетов Абай облысының жұмысын сынады
Жедел жәрдем станцияларын көліктермен қамтамасыз ету туралы комитеттің тақырыптық отырысында саладағы проблемалар көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Асхат Аймағамбетов саладағы проблемаларды көтеріп, өңір басшыларының жауабын тыңдады.
Адамның өмірі жедел жәрдем қызметіне тікелей байланысты. Жедел жәрдемнің жағдайы қиын. Оның өзіне жедел жәрдем керек сияқты. Бірақ өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органдардың бұл бағыттағы жұмысы көңілден шықпай отыр. Өңірлерде жеткілікті көңіл аударылмай отыр. Бұл жерде тағы бір мәселе – тізімнен шығару. Қазіргі уақытта жедел жәрдем көліктері баланста 7 жыл тұруы керек деген ой қалыптасқан. Егер көлік бір жылдың ішінде 120 мың шақырым жүрсе, онда ол тіпті 3 жылдың ішінде шашылып қалады. Оны 7 жылға қалай жеткізесің? Сондай-ақ оны 7 жылдан кейін 3 рет аукционға шығару керек, - деді депутат.
Аймағамбетовтің айтуына қарағанда, оны аукционнан біреу сатып алса ғана тізімнен шығарылады. Сөзінше, осының барлығына шамамен 8-9 жыл кетеді. Депутат бұл мәселені шұғыл түрде шешу керегін атап өтті.
Санитарлық көліктер 59%-ға тозған. Есептен шығаратындар саны – 20%. Қостанайда 33%, Ұлытауда 28%, Алматы облысында 23% және т.б. Кестеден көріп отырғанымыздай, тозу бойынша ең жоғары көрсеткіштер Абай облысында – 69%. Әбден тозған екен. ШҚО-да 59%-ы, БҚО-да 82%-ы, Қостанай облысында 67%-ы, Қызылордада 62%-ы, Маңғыстау облысы 75%-ы, Павлодар облысы 70%-ы, Шымкент 72%-ы, Астана 83%-ы тозған. Тіпті тізімнен шығаратындардың да жағдайы мәз емес, - деп айтты Мәжіліс депутаты отырыста.
Депутат Аймағамбетов өңір басшыларынан мәселе қалай шешілетінін сұрады. Ең алдымен Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молбадеков жағдайды баяндады.
Бүгінгі таңда бізде 93 санитарлық транспорт бар. Облыстық станция ұйымында – 64. Бірақ облыста 69%-ы тозған. Жедел жәрдем тәулік бойы жұмыс істейді. Автомобильдің жүрісі өте жоғары. 100 мың шақырымнан асады. Бұл санитарлық көлікке түсетін жүктеменің үлкен екенін көрсетеді. 5 жылдың ішінде кейбір көліктердің жүрісі 500 000-600 000 шақырымға жетуі мүмкін, - деп айтты өңір өкілі.
Аймағамбетов Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молбадеков баяндап болған соң бұған дейін айтылған мәліметті қайталап айтпай, керісінше осы проблемаларды қалай және қашан шешетінін айтуы керек екенін ескертті.
Молбадеков өз кезегінде әкімдік және басқарма Өнеркәсіпті дамыту қорымен келісімге келіп, 88 санитарлық көлік сұрап жатқанын, бірақ қор пайыздық мөлшерлемені 13,5% деп отырғанын айтты.
Аймағамбетов оған жауабы қабылданбайтынын ескертті.
Талғат Қаркенұлы (Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы – ред.), жауабыңыз қабылданбайды. Облыстық басқарма басшысының жауабы осындай бола ма? Бұл мәселені Парламенттен көтеріп отыр. Оны ешкім көтермей-ақ, әкімдіктердің шешетін мәселесі ғой... Ал сіздер мына жерде дұрыс жауап бере алмай отырсыздар. Тек қана статистика, статистикадан басқа ештеңе жоқ. Ол бізге керек емес, Абай облысының тұрғындарына керек емес пе?! Қай беттеріңізбен шығып, не айтасыздар? “Біз келіссөз жасап жатырмыз” – бұл немене, жауап па сонда? Келіссөзді тағы 5 жыл жүргізесіздер ме? Қалай болады? – деп сұрады депутат.
Асхат Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жаңадан құрылған Абай облысында соңғы 3 жылда ешқандай жаңа санитарлық көлік алынбағанын жеткізді.
3 жыл ішінде санитарлық көлік мәселесі бойынша қандай да бір шешім қабылдап, жаңартуға болады ғой. Шыршаларға, басқа да іс-шараларға ақша ешқандай мәселесіз табылатын болар... Бұл жауап мүлде қабылданбайды. 70%-ы тозғаны бұл қалай? Әкімнің орынбасары жоқ. Денсаулық сақтау басқармасы басшысы дұрыс жауап та, болжам да бере алмай отыр. Кішкене жан ашу керек қой! Бұл адамдарға емес пе?! Өлейін деп жатқан, ауырып жатқан адамдар оны (жедел жәрдем бригадасын – ред.) шақырады. Еріккеннен шақырмайды. Біз де мына жерде еріккеннен жиналып отырғанымыз жоқ. Қазақстан бойынша көліктердің 60%-ы тозған болса, қандай қызмет туралы айтуға болады. Кейбір қалаларда осы көлік болмағаннан кейін дәрігерлер, фельдшерлер таксимен келіп-кетіп қызмет көрсетіп жатыр, - деді Мәжіліс депутаты.
Бұған дейін Асхат Аймағамбетов жедел жәрдем станцияларындағы тозған көліктер мен төмен жалақы сынды проблемаларды көтерді.