Жамбылдық 10 мыңнан астам азамат тегін заң көмегіне жүгінген

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы адвокаттардың саны 235-ке жетті. Өңірдегі халық саны 1 120 293 адам болса, әр адвокатқа орташа жүктеме 4 767 адамнан келеді. 

Бұл туралы аймақтағы Әділет департаменті басшысының орынбасары Дәурен Дайрабаев айтып берді. Оның сөзінше, Жамбыл облысындағы барлық аудан толық адвокаттық қызметпен қамтылған. амасыз етілген. Мұнда 1 аумақтық адвокаттар алқасы, 10 заң кеңесі, 6 адвокат кеңсесі жұмыс істейді.   

Заң көмегінің сапасын арттыру мақсатында былтыр сәуірде Әділет, Ішкі істер министрліктері, Бас прокуратура «Электрондық форматта адвокатты қорғаушы ретінде тағайындау, мемлекет кепілдік берген заң көмегін есептеу және төлеу процестерін автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойды. Соның нәтижесінде, адвокаттар онлайн түрде тағайындау процесінде ашықтық пен уақытты үнемдеуге қол жеткізіп, қызметтері біршама цифрланды. Біздің департамент 151 адвокатпен тегін заң көмегін көрсету туралы келісім жасады, – деді Дәурен Жигулиұлы

Ол былтыр өңірде 10 190 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілгенін атап өтті. Бұған республикалық бюджеттен 108 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, толығымен игерілген. Адвокатура саласы құзырлы орган тарапынан күнделікті бақылауда. Есепті кезеңде ведомствоның ұсынысы негізінде 1 адвокаттың лицензия күші тоқтатылса, тағы 1 адвокаттың лицензия күші уақытша алынған, 7 заң маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. 1 лицензия әртүрлі негізге сүйеніп қысқартылған.

Департамент өкілі өткен жылы «Кейбір заңнамалық актілерге адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның аясында заң консультанттары саласына да бірқатар өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ республикалық заң консультанттарының алқасы әділет органдарынан мемлекеттік тіркеуден өтіп, өз жұмысын бастаған. Жамбыл облысы заң консультанттарының палатасы да аталған алқаның құрылтайшысы ретінде танылыпты.

Қазіргі кезде өңірдегі заң консультантары палатасы 203 мүшеден тұрады. Былтыр олардың іс-әрекетіне қатысты 6 шағым түссе, 5 шағым бойынша көрсетілген жайлар дәлелін таппады, 1 шағым қаралу үстінде. Тағы айта кетерлігі, бүгінде облыста 184 нотариус қызмет етеді. Олар 426 256 нотариалдық іс-әрекет жасаған. Әр нотариусқа орташа жүктеме 6 088 адамды құрайды. Бұл салаға да бірқатар өзгеріс енді. Жаңашылдықтардың бірі – нотариаттық құжаттардың электронды нысанда сақталуын, есепке алынуы мен пайдаланылуын қамтамасыз етететін электрондық жүйе құрылып, нотариустардың жұмысы оңтайландырылды, – деді Дәурен Дайрабаев.

Осының негізінде нотариаттық іс-әрекеттерді тіркеу тізілімін жүргізудің қажеттігі алынып тасталған екен. Сонымен қатар нотариаттық құжатқа QR-код беріліп, ол өз кезегінде азаматтарға құжаттың түпнұсқалығын растауға жедел түрде мүмкіндік туғызған. Тағы бір жаңашылдық – нотариусқа қосымша ақылы негізде заң көмегін көрсету құқығы берілген. Енді нотариустар нотариаттық әрекеттер жасауға тікелей байланысты емес құқықтық сипаттағы ауызша және жазбаша консультациялар жүргізе алады. Сондай-ақ мәміле жобаларын, өтініштер мен басқа да құжаттарды жасау нысанында өтеулі негізде заң көмегін көрсете алады.

Осылайша нотариаттық қызмет түрлері кеңейіп және халықтың құқықтық сауаттылығының артуына біршама ықпал етеді деп күтілуде. Нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығына және нотариаттық іс жүргізу ережелерінің сақталуына жүргізілген 13 тексерудің нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, Жамбыл облысы нотариаттық палатасына тиісті ұсыныстар жолданды. Нәтижесінде 13 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді жауапты маман.

Сот актілерін орындау саласы әділет органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін айтқан ол әділет органдарымен сот актілерін орындауды жақсартуға бағытталған барлық шаралар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Жамбыл облысында барлығы 106 жеке сот орындаушы қызметтерін атқаруда, оның 73-і Тараз қаласында болса, қалғандары аудандарда еңбек етуде.  Өткен жылы жеке сот орындаушылардың өндірісінде барлығы 129 млрд теңгеден астам қаражатты құрайтын 387 143 атқару құжаты орындауда болған. 

Жеке сот орындаушылары әлеуметтік маңызы бар мәселелерге ерекше көңіл бөледі. Айталық, былтыр алимент өндіру бойынша 17 408 атқару құжаты өндірісте болып, 2 763-і толық орындалды. Қалғандарының ішінде проблемалық алименттер 125 487 965 теңге қарыз сомасын құрайды. Бұлар біздің қатаң бақылауымызға алынып, борышкерлерді жұмыспен қамту мәселесі қарастырылуда. Мәселен, өткен жылдың өзінде прокуратура органдарымен, жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасымен және халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп 14 бос орындар жәрмеңкесін өткіздік. Соңғысы 23 желтоқсан күні Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығында болды, – деді Дәурен Жигулиұлы. 

Ол іс-шараға 405 борышкер қатысып, 233-і жолдама алып, 152-сі жұмысқа орналасқан. 

Департамент өкілінің айтуынша, жалақы өндіру туралы барлығы 7 млн теңгеге тарта қаражатты құрайтын 9 атқару құжаты орындауда болып, жалпы сомасы 6 314 447 теңге болатын 8 атқару өндірісі жеке сот орындаушыларымен аяқталған. Ал үйден шығару санатындағы 86 атқару құжаты орындауда болса, 66-сы өндіріспен аяқталған. Борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 412 ұсыныс жолданып, 294-і орындалған. Сондай-ақ жеке сот орындаушылардың жұмыстарына 93 жоспарлы бақылау жүргізіліп, 1 жеке сот орындаушының 6 ай мерзімге лицензиясын тоқтата тұру туралы, 83 жеке сот орындаушысын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жолданған.

Есептік мерзімде жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары негізінде 62  жоспардан тыс бақылау жүргізілді. Нәтижесінде, 59 жеке сот орындаушысы атқару өндірістерінде заң бұзушылыққа барғандары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 2 жеке сот орындаушысын республикалық палатаның мүшелігінен шығару туралы ұсыныс жолданды, ал 1 жоспардан тыс бақылау бойынша арызда көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін таппады. Биыл 106 жеке сот орындаушының қызметтеріне жоспарлы бақылау жүргіземіз, – деді Дайрабаев. 

Оның сөзіне қарағанда, ADALDYQ ALAŃY» жобалық кеңсесінің Жамбыл облысы бойынша бөлімшесі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, мемлекеттік қызметтерді алу үшін қолайлы жағдайлар жасау және азаматтардың сенімін жоғарылату мақсатында жұмыс істеуде. Онда келген азаматтардың мәселелері бақылауға алынып, заң шеңберінде құқықтық көмек беріледі. Мәселен, былтыр «Адал көмек» акция аясында 53 тұрғын қабылданып, проблемалары оң шешімін тапқан. Сонымен қатар, аймақтағы әділет органдары азаматтардың құқықтық мәдениетін және деңгейін арттыру мақсатында мыңнан астам іс-шара ұйымдастырыпты. 

Алыс ауылдық өңірлерде әділет органдары қызметінің негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында 20 Ашық есік күні өтті.  Нәтижесінде, 250-ден астам азаматқа кеңестік көмек көрсетілді. Заңгерлік кеңес беру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қосылған «Адал көмек» жобасы аясында Жамбыл облысы Әділет департаменті 88 іс-шараға ұйытқы болды. Соның ішінде, 57-сі 5 адвокат, 13 нотариус, 8 жеке сот орындаушысы, 5 заң кеңесшісінің қатысуымен өтті, – деді департамент басшысының орынбасары.

Мемлекеттік қызмет көрсету бағыты да әділет органдырының басты функцияларының бірі екен. Бүгінде әділет органдары 33 мемлекеттік қызмет көрсететін болса, оның 10-ы Әділет департаментіне тиесілі. Олар тұрғындарға электронды және қағаз түрінде ұсынылады. Мысалы, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін, egov.kz порталын, «Е-лицензия», «Е-апостиль» сияқты басқа да ақпараттық жүйелерді пайдалануға немесе тікелей ведомствоға жүгінуге болады. Өткен жылы жеке және заңды тұлғаларға 7 500-ден аса қызмет көрсетілген. 

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарау – біздің басты міндетіміз. Былтыр жеке тұлғалардан 2 294, заңды тұлғалардан 1 391 өтініш пен сұраныс түсті. Барлығы заң талаптарына сәйкес қаралып, 1 157-сі қанағаттандырылып, 1 143-іне түсінік берілді. Халықпен кері байланыс орнату мақсатында интернет-ресурстарлы тиімді әдістердің бірі ретінде белсенді түрде қолданамыз. 2021 жылғы шілдеден бастап «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңдардың күші тоқтап, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енген болатын. Енді біздің өтініш берушінің, оның өтінішін қараудың әрбір кезеңіне, тіпті түпкілікті шешім қабылдауға қатысуға құқығымыз бар, – деді Дәурен Жигулиұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы