Онкологиялық скринингке тек емхана жауапты болмауы керек – дәрігер

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 190 159 науқас онкологиялық аурумен есепте тұр, оның 33 537-сі бұл кеселге алғаш рет шалдыққан. Ал Жамбыл облысында былтыр 7 652 адам қатерлі ісікпен тіркеуге алынған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылы 7 360 болған екен.

Бұл жайында Жамбыл облыстық көп бейінді аурухансының бас дәрігері Абай Нұржанов айтып берді. Оның сөзінше, жыл басынан бері катерлі ісік дерті алғаш рет белгілі болған науқастардың саны 1414-ті құраған, ал аурушаңдықтың көрсеткіші – 124,2. Екі жыл бұрын 139 болған, яғни аз да болса төмендегені аңғарылады. 

Өлім-жітім санын айтатын болсақ, аймақта өткен жылы 768 науқас өмірден озып, 100 мың адамға шаққанда 67,4-ті құрады. Мұның себебін есепте тұрған науқастардың көбеюімен байланыстырамыз. Былтыр қатерлі ісікке бірінші мәрте шалдыққан 1414 азаматтың 58,2 %-ы сырқаттың алғашқы және екінші сатысында екені нақтыланды. Бұл осынша науқастың керекті ем-домын уақтында алса, сауығып кету мүмкіндіктері басым екендігін білдіреді. Жалпы, жаман аурудан келетін өлім-жітім көрсеткішін бәсеңдету үшін мұның алдын алу және індетті ерте кезінде анықтаған жөн, - дейді Абай Құралбекұлы. 

Статистикалық деректерге сүйенссек, Жамбыл облысы аумағында былтыр обыр дертінің ішінде сүт безі қатерлі ісігінің үлес салмағы алдыңғы орынға көтерілген екен. Нақтылай айтатын болсақ, 12,2 %-ды құраған. Одан кейінгі орында 10 %-бен өкпенің қатерлі ісігі, 8,5 %-бен асқазанның қатерлі ісігі, 7,9 %-бен терінің қатерлі ісігі, 5,2 %-бен жатыр мойнының қатерлі ісігі, 4,7 %-бен тоқішек, тікішектердің қатерлі ісіктері және тағы басқалары тұр. 

Бас дәрігердің айтуына қарағанда, жергілікті азаматтарға Тараз қаласындағы 145 орындық, оның ішінде 105 төсектік тәуліктік стационар, 35 орындық күндізгі стационар, облыстық онкологиялық диспансер мен емханалардың жанындағы 20 онкологиялық, 21 маммологиялық бөлме керекті медициналық қызметтер көрсету үстінде. Айта кетерлігі, 2017 жылдың басында Қант зауыты маңында (ілгерідегі онкологиялық диспансер ғимаратында) 30 орындық хоспис ашылған. Бұл нысан жағдайы ауыр ахуалдағы аурулардың денсаулығын уақытша сауықтыруға бағытталған. 

Кез келген жанның ең қымбат байлығы – денінің саулығы, оған немқұрайлы қарауға әсте болмайды. Ең бастысы, уақытында дәрігердің алдына барып тұрған жөн. Қатерлі ісіктің алдын алу үшін обыр дертіне шалдықтыруы мүмкін ауруларды емдеу шараларына баса назар аударған абзал. Яғни, емханалар мен дәрігерлік амбулаториялардың жұмыс тиімділіктерін барынша жандандырған маңызды. Мәселен, сүт безі, жатыр мойны, тікішек, тері, қалқанша безі обырларына шалдықтыратын ауруларды барынша сапалы емдесе, дерт асқынбақ емес. Сол себептен әрбір азамат емханалар мен дәрігерлік амбулаториялардың көмектеріне жүгінген кезде, әйелдер мен ер кісілерді тексеру кабинетіне барғаны дұрыс. Осындай тексерулер барысында қатерлі ісік дертін, әсіресе көзге көрінетіндерін алғашқы кезеңінде анықтауға болады, - дейді Абай Нұржанов. 

Көпшілік қай кезде де медициналық жәрдем алу үшін ең алдымен емханалардың, дәрігерлік амбулаториялардың табалдырығын аттайтындықтан, онкологиялық сақтық шараларын жүргізетін емдеу мекемелерінің дәрігерлері істеріне айрықша жауапкершілік танытқаны дұрыс. Жамбыл облысындағы онкологиялық диспансер ұжымы сақтық принциптерін енгізу және ауруларды бастапқы кезеңінде анықтауды мақсат еткен 3 жиын өткізіп, 60 дәрігері мен 105 орта буынды мамандарының біліктіліктерін арттырыпты. Осы іспетті шаруаларды жергілікті онколог және маммолог дәрігерлер де жалғастыру үстінде. 

Бас дәрігер қатерлі ісік дерттерін уағында анықтаудың тағы бір жолы нысаналы топқа жататын азаматтарды скринингтік тексерулерден өткізу екенін де баса айтты. Бүгінде сүт безі, жатыр мойны және тоқішек, тікішек қатерлі ісіктерін бастапқы кезеңінде анықтау бағытында скринингтік тексерулер тұрақты жалғасуда. 

Айталық, өткен жылы 49 930 әйел сүт безі обырын анықтайтын скринингтік тексерулерден өтті. Шара кезінде 32 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталды, оның ішінде I сатысндағысы 8, яғни 25,0 %-ы болса, II сатысындағысы 22, 68,7 %-ды құрады. Ал III сатсындағысы – 2 адам. Сырқат неғұрлым бастапқы сатыда анықталатын болса, емдеудің нәтижесі де жақсы болады, - деді Құралбекұлы. 

Сүт безі қатерлі ісігінің қорытындылары берілген құжатқа сүйенсек, нысаналы топтағы әйел азаматтардың жасы 40-тан 70-ке дейін екен. Демек, әр әйел 40 жастан бастап әр екі жыл сайын жергілікті емханаларда маммографиялық тексерулерден өтуі керек. 

Маманның айтуынша, жатыр мойны обырын анықтау бойынша 43 102 әйел скринингтік тексеруден өткен. Шара кезінде 13 адамнан аталған дерт аныталса, олардың 6-уы бірінші сатысында, 7-уі екінші сатысында екен. Бүгінде емдеу нәтижелері көңіл көншітеді. 

Жатыр мойны қатерлі ісігінің қорытындылары толтырылған құжаттарда нысаналы топқа жататын әйелдердің жасы 30-дан 70-ке дейін екені көрсетілген. Демек, әр әйел 30 жастан бастап әр 4 жыл сайын жергілікті емханаларда арнайы тексерістен өткізетін кабинеттерден цитологиялық тексеруден өткені дұрыс деп санаймын. Тоқішек, тікішек обырын анықтаудан 65 490 адам скринингтік тексеруден өткенде де, 12 адамнан осы қатерлі ісік табылды. 75 %-ы II сатысына жетіп үлгерген, III сатысындағысы – 3 адам. Нысаналы топтағы ерлер мен әйелдердің жасы 50-70 аралығын қамтиды. Осы жастағы адамдар әрбір екі жыл сайын жергілікті емханаларда үлкен дәретте қанның бар болуын анықтайтын анализін тапсыруы керек, - дейді бас дәрігер. 

Жергілікті қалалық және аудандық емханалардың мәліметіне сүйенсек, шамамен тұрғындардың 15-20 %-ы әлеуметтік медициналық сақтандырудан өтпеген. Ал оларға медициналық көмек көрсетілмеуі мүмкін немесе ақылы түрде жүргізіледі. Бұл электрондық медициналық құжатқа да кері әсерін тигізеді. 

Тағы бір айта кетерлігі, жыл мезгілінде әртүрлі себептермен емханаға жүгіну кезінде, міндетті түрде денсаулық сақтау ұйымындағы ерлер мен әйелдерді тексеру кабинтінен өту қажет деп есептеймін. Себебі, тексеру кабинеттерінде көзге көрінетін қатерлі ісіктерді – тері, жатыр мойны, сүт безі, қалқанша безі, ауыз қуыстары, тікішек сынды ағзалардағы дерттерді ерте сатыда анықтауға болады. Онкологиялық скринингке тек қана емхана жауапты болмауы керек, оған әрбір азамат жауапты, - деп атап өтті Абай Нұржанов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы