Жамбылда 1 153 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметкерлері өткен жылы 172 нысанға аудиторлық іс-шара жүргізсе, оның 140 нысанын жоспардан тыс тексерген. Бұл жайында департамент басшысы Алмас Дүйсенбаев айтып берді.
Аудиторлық іс-шара нәтижесі бойынша 153 нысанда жалпы сомасы 31 850,1 миллион теңгені құрайтын заң бұзушылық анықталды. Оның 17 467,1 миллион теңгесін қаржылық бұзушылықтар құрайды, ал 16611 миллион теңгесі – бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктегі заң бұзушылықтар. Ал 14 383 миллион теңгесі рәсімдік сипаттағы заң бұзушылықтар қатарына жатады. Соның ішінде 60 мекемеде мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптары бұзылған болса, ондағы қаржылық көрсеткіш 7 906,1 миллион теңгені құрады, – деді департамент басшысы.
Жауапты маманнан білгеніміздей, бюджетке және қалпына келтірілуге жататын 17 467,1 миллион теңгенің 17 327,1 миллион теңгесі жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде орнына қойылған. Ал осындай құқықбұзушылықтарға жол берген 130 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылыпты.
Алмас Дүйсенбаев өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған 1 153 лауазымды тұлғаның мемлекеттік және құқық қорғау органдарының материалдары негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, сондай-ақ 86,9 миллион теңге айыппұл арқалағанын жеткізді. Мұның ішінде аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 114 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұл 39,3 миллион теңгені құраған.
Арыздар мен комитеттің тапсырмасымен жүргізілген аудит материалдарының қорытындысымен жалпы сомасы 1 965,6 миллион теңгені құрайтын 28 материал құқық қорғау органдарына жолданды. 8 материал ҚР ҚПК 35 бабының 1 тармағының 2, 12 бөлімімен қысқартылса, 5 іс сотқа берілді. 4 материал пайдаланудан шығарылса, 11 материал өндірісте қалып отыр, – деді департамент басшысы.
Ол сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерінің қызметі туралы әр түрлі ақпарат көздерінен алынған ақпаратты салыстыру арқылы мемлекеттік аудит объектісіне бармай-ақ камералдық бақылауды жүзеге асыра алатындарын мәлімдеді. Бұл бұзушылықтардың жедел алдын алуды, мемлекеттік аудит объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын беруді мақсат етеді екен. Алайда, мемлекеттік сатып алуды камералдық бақылау 238 067,2 миллион теңге сомасындағы 50 162 лотты қамтыған. 2112 лот бойынша 13 402,9 миллион теңге мөлшерінде бұзушылықтар анықталған.