Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық 5%-ға азайды - министрлік
Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасында жасалған құқық бұзушылықтар саны 5%-ға төмендеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, былтыр өңірде үш жасөспірімнің өліміне әкеп соққан қайғылы оқиғадан кейін мектептердегі қауіпсіздік мәселесі бақылауға алынып, бірқатар өңірде арнайы комиссиялар жұмыс істеген.
Журналистер министрден өткен жылы Жамбыл облысында болған қайғылы оқиғаға қатысты сұрады. Атап айтқанда, мектепте ақша бопсалаудың тұтас жүйесі болғаны анықталған жағдайда мұндай жағдайға қалай жол берілгені және одан кейін қандай шаралар қабылданғаны туралы сауал қойды.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, оқиға мектеп уақытында болғандықтан, министрлік бірден арнайы комиссия жіберген. Сол уақытта Бас прокуратура да тиісті шаралар қабылдаған.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша өзім де өңірге бардым. Облыс әкімі мен барлық құқық қорғау органдарының қатысуымен үлкен кеңес, үйлестіру отырысын өткіздік. Әрине, бұл мәселенің жүйелі сипаты бар еді. Қазір соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасында жасалған құқық бұзушылықтар саны 5%-ға төмендеді. Себебі біз бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз, – деді министр.
Оның сөзінше, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына Оқу-ағарту министрлігімен қатар, Жамбыл облысының әкімдігі, прокуратура және Ішкі істер министрлігі де қатысып отыр.
Министр бұл мәселенің тек бір өңірге ғана тән емес екенін атап өтті. Осыған байланысты арнайы комиссиялар Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу және Қызылорда облыстарына да барған.
Бұл мәселе тек Жамбыл облысына ғана қатысты емес. Осыдан кейін біз Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу және Қызылорда облыстарына да бардық. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сондай-ақ журналистер былтырғы қайғылы оқиғаға қатысты үш жасөспірімнің өліміне нақты не себеп болғанын сұрады. Министр оқиғаның өзі қызметіне кіріскеннен кейін екі апта өткен соң болғанын айтып, қажетті шаралардың қабылданғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, журналистер Астанада жақында болған 13 жастағы екі қыздың өз-өзіне қол жұмсау дерегіне қатысты да сауал қойды.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Сондықтан бұл іске қатысты әзірге түсініктеме бере алмаймыз, – деді министр.
Ал ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков Жамбыл облысындағы жағдайға қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, аталған фактілер бойынша тергеу жүргізілген. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар өңірде құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар атқарып жатыр. Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар санының төмендеуі байқалады.