Жамбыл облысындағы медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 % ұлғаяды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл қорытындылатын «Денсаулық» бағдарламасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулық-2020» саясаты стратегиясының басты қағидаларына сай. Халықты жалпыға ортақ қамту, әлеуметтік әділеттілік, сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, өңірімізде бағдарламада көзделген әрі Елбасы тапсырмасымен алғашқы медициналық санитариялық көмектің қолжетімділігін және сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

«Бастысы жамбылдықтарға медициналық көмек көрсететін 391 денсаулық сақтау нысанын заманауи технологиямен жабдықтауға баса көңіл бөлінуде. Соның арқасында 30 аурухана, 350 әртүрлі деңгейдегі амбулаториялық емхана мен медициналық ұйым тұрғындарға сапалы қызмет ұсынып жатыр», - дейді ол.

Жауапты маманның сөзіне қарағанда, былтыр алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қол жетімділігін арттыру үшін 95 нысанның құрылысын жүргізу қажеттігі анықталған. Бұл жобаларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асыру туралы шешім қабылданыпты. Нәтижесінде Жамбыл облысында бір жылда 29 емдеу мекемесі бой көтерді. Ал бөлінген қаржыға 1 нысан сатып алынып, 9-ы жаңадан салынған.

«Биыл 65 нысанның құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылады. Ал нысандарды пайдалануға беру мерзімі 7 жылдан 2 жылға қысқартылып, бюджет қаражаты 4,2 миллиард теңгеге үнемделді. Соның арқасында өңір алғашқы медициналық санитариялық ұйымдармен 100 пайыз қамтылатын болды», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда елді мекендерді емдеу ұйымдарымен қамтудан бөлек, маман тапшылығын жою да аса маңызды. Осыдан екі жыл бұрын Жамбыл облысында 1 жалпы практика дәрігерінің учаскесіне 1859 тұрғын тіркелетін. Ал жүктемелік 2363 тұрғынды құраған. Жергілікті әкімдік өкілі осы жүктемені азайту мақсатында былтыр 72 учаске ашылып, нәтижесінде 1 жалпы практика дәрігерінің учаскесіне жүктемелік 1675-ке дейін төмендегенін айтады.

«Бұл көрсеткішті одан әрі төмендету мақсатында биыл облысқа 100 жас маманды тарту жоспарлануда. Сондай-ақ былтырдан бастап алғашқы медициналық-санитариялық ұйымдарға ауруларды басқару бағдарламасы енгізіле бастады. Бұл қадам әлеуметтік маңызы бар созылмалы аурулардан өлім-жітімді төмендету мақсатында жасалып отыр. Жыл соңына дейін ауруларды басқару бағдарламасымен науқастардың 20 пайызын қамту жоспарлануда», - деді Хамит Мырзақасымов.

Ауруларды басқару бағдарламасы бойынша 2119 учаскелік медициналық қызметкер оқытылады екен. Ал курстан өткен медицина қызметкерлерінің еңбекақысына 20 пайыз үстемеақы төленбек. Осы мақсатқа биыл 349,2 миллион теңге қаралады. Нәтижесінде бірінші тоқсанның өзінде 834 маман біліктілігін арттырды. Ал оларға  22 миллион теңге көлемінде қосымша ақы төленді.

«Өңірде медицина қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға ұлғайту үшін 2,8 миллиард теңге қаржы қажет. Қазіргі таңда дәрігерлердің орташа жалақысының мөлшері 134 125 теңгені құраса, 1 маусымнан бастап 174 362 теңгені құрайды», - деді жауапты маман.

Айта кетейік, Жамбыл облысындағы денсаулық сақтау ұйымдарында «Damumed» және «ElsiMed» медициналық ақпараттық жүйесі енгізілген.  Бұл бойынша 868 026 тұрғын немесе 77 пайыз электронды денсаулық паспортымен қамтылды. 233 алғашқы медициналық құжаттаманың 129-ы цифрлық форматта ақпараттық жүйелерге енгізілді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы