Жамбыл облысында 970 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарлануда

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының былтырғы қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: ісқимыл кезеңі» атты Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екенін айтқан. Бас құжатта атап көрсетілген міндеттер Жамбыл облысында қалай жүзеге асуда? Осы сауалдың төңірегіндегі өзге де проблемалар Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаевпен сұхбат барысында сөз болды.

– Марат Ердәулетұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы күз басында жариялаған Жолдауының жетінші бөлімін «Экологиялық және биологиялық әркелкілікті қорғау» деп атап, нақты тапсырма берді. Сол тапсырманың орындалуы, оның ішінде аймақтың экологиялық проблемалары және оларды шешу жолдарынан бастасақ әңгімені?

– Өңірдегі күрделі экологиялық мәселе – облыс орталығындағы кәріз жүйелерінің тазарту қондырғыларымен қамтамасыз етілмеуі. Тараз қаласында ағынды сулардың тазарту құрылыстарының болмауы Жамбыл ауданының елді мекендері тұрғындарын ауызсудан айыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптарының батпақтануына және елді мекендерді ыза су басуына алып келетінін жоққа шығаруға болмайды. 2019 жылы бұл мәселеге байланысты құбыр тарту жобасы жасалып «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарауына жіберілген. Осы ретте тазарту құрылыстарын дамыту мен жаңғыртуға арналған жобалық құжаттаманы әзірлеуге уақытша мораторий жарияланып, «Мемсараптама» РМК жобаны кері қайтарлған. Содан соң тазарту құрылыстарын дамыту мен жаңғыртудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде жобаны іске асыру мақсатында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамына ұсынылған.

Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық орталығы мәліметіне сәйкес, «Тараз қаласында ағынды сулардың тазарту құрылыстарын іске асырудың бірыңғай бағдарламасы» шеңберінде 53 жоба тізбесіне енгізілді. Соның ішінде Жамбыл облысы бойынша бірінші кезекте Жаңатас қаласына биыл, екінші кезекте Тараз, содан кейін Қаратау және Шу қалаларында құрылыс жұмыстары жоспарланған. Айта кетерлігі, Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық орталығы оны халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты арқылы іске асыру үшін жобаларға тапсырыс беруші ретінде әрекет етеді.

– Тараз қаласында қалдықтарды қайта өңдеу зауытының және стандартты полигондардың болмауы да экологиялық тепе-теңдікті сақтауда қиыншылық туғызып жатқан жоқ па?

– Расында, қалдықтарды қайта өңдеу зауытын және типтік полигондарды салу өзекті мәселеге айналып отыр. Жыл сайын өсіп келе жатқан тұрмыстық қалдықтарды орналастыру орындары санитарлық-гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді және қоршаған ортаның жай-күйіне теріс әсер етеді. Тиісті министрлік 2025 жылдың соңына дейін 6 қалада, соның ішінде Тараз қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жағу бойынша зауыт салуды жоспарлады. Былтыр өңірде тұрмыстық қалдықтарды жағатын зауыт салу немесе энергетикалық кәдеге жарату мақсатында Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы қалдықтардың морфологиялық құрамын анықтап, геологиялық зерттеу жүргізді. Зауыт құрылысына «Жасыл ел-Тараз» ЖШС полигоны аумағынан 5 гектар жер ұсынылды.

Зерттеу нәтижелері мен зауыт құрылысының мүмкіндігі туралы қорытындыға сәйкес, энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру жөніндегі комиссия қалдықтардың аз жиналуына байланысты Тараз қаласы бойынша жобаны алып тастап, Өскемен қаласына ауыстырды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасының Тараз қаласы бойынша жобасын алып тастау туралы «Nur Otan»-ның кеңсесіне хат жолдайды.

Сонымен қатар өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешу үшін инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Былтыр тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, жағу арқылы энергия өндіру бойынша «Hasanat group» компаниясы мен «Байтақ болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің және «Еуропа қайта құру және даму банкінің» өкілдерімен кездесу өткізіліп, әкімдік өз тарапынан тиісті құжаттар ұсынып, ұсыныстар қарастырылуда. Қазіргі уақытта ЕҚҚДБ жобасының менеджерлерімен өзара тығыз іс-қимылдар жүргізілуде.

– Марат Ердәулетұлы, біздің аймақтағы өзекті проблемалардың бірі – рұқсат етілмеген қоқыс полигондары туралы не айтасыз?

– Аймақта Геопортал арқылы анықталған рұқсатсыз орналастырылған қалдықтарды жоюда мынадай жұмыстар атқарылды: облыс және қала әкімдерінің атына геопорталмен анықталған қоқыс үйінділерін жою туралы хаттар жіберілді. Былтыр қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың 223 нүктесі анықталып, оның ішінде ұсынылған деректер бойынша 194 нүкте жойылған, бұл 83,2 %-ды құрайды.

Алдағы уақытта департамент қызметкерлері тарапынан қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындарын жою бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

– Аяқталған және өндірісте жатқан тексерулер, оның ішіндегі ірі тексерулер туралы айтып өтсеңіз, олардың нәтижесі қандай?

– 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына профилактикалық бақылау тізіміне 13 субъект кірген. Қазіргі таңда доларға 7 профилактикалық бақылау жүргізілді, бүгінде 5 субъектіге тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар біздің тарапымыздан 19 табиғат пайдаланушыларға тексеру жүргізілді, оның 12-cі жоспардан тыс тексеру болса, бару арқылы 7 профилактикалық бақылау жүргізілді. Осы тексерістермен 39 құқық бұзушылық фактілері анықталып, оларды жою үшін 13 нұсқама берілген. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 16 әкімшілік іс қаралып, 3 019,270 мың теңге айыппұл салынып, бүгінгі күнге оның 15-і яғни 2 960,930 мың теңгесі өндірілді.

– Президент Жолдауда биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарлар бекіткен жөн екенін айтқаны есімізде. Сонымен қатар бес жыл ішінде орман алқабына – 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатындығын жеткізген. Жалпы алғанда Мемлекет басшысы міндеттеген осы мәселелерді шешуде және өңірдегі қалыптасқан түйткілді тарқатуда алдарыңызда қандай жоспарлар бар?

– Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен аймақтың экологиялық проблемаларын шешуге бағытталып, келісілген 15 тармақтан тұратын «2021-2024 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешудің «Жол картасы» әзірленіп, бекітілді. Онда облыстың ең өзекті мәселелері қамтылды. Атап айтқанда, өңірдегі елді мекендерде экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетін полигондардың болмауы, Тараз қаласында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін зауыттың жоқтығы, кездейсоқ орындарда орналасқан қалдықтарды жою мәселелері, Тараз қаласындағы тазарту құрылыстары мен кәріз жүйелерінің қанағаттанарлықсыз жағдайы, сонымен қатар басқа да мәселелер қамтылды. «Жол картасы» өндірістік қалдықтарды орналастыру көлемін, ластаушы заттардың шығарындыларын, қоршаған ортаға зиянды әсерін азайтуға, жасыл алқаптардың аумағын ұлғайтуға, кездейсоқ орындарда орналасқан қоқыстардың санын кемітуге және ауа сапасын жақсартуға бағытталған.

Биыл 9-сәуір күні онлайн режімінде ZOOM платформасы арқылы «Жол картасын» орындау бойынша облыстың қоғамдық ұйымдар өкілдерінің алдында жергілікті атқару органдарының және департаменттің есеп беру кездесуі өтті. Жасыл белдеулер мен инфрақұрылым құру үшін Тараз, Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларының, ауылдық елді мекендердің айналасына жер учаскелерін бөліп, 2021-2025 жылдары 970 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарлануда. Биыл Жамбыл облысы бойынша 276 830 түп ағаш отырғызылды. Экопатрульдеу жүргізу және рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою бойынша қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытын салу үшін жер учаскелерін беру, инфрақұрылым және қалдықтармен кепілдендірілген жүктеме мәселелерін пысықтау, Тараз қаласында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын салу, жасыл екпелерді паспорттауды жүргізу және олардың алаңдарын ұлғайту, Тараз, Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларының, Қордай, Меркі ауылдарының науалық суару желісін жаңғырту және жаңа құрылысын салу бойынша мәселелер бар.

Тараз қаласының аумағында орналасқан фосфогипс қалдықтарын ауыл шаруашылығына, мәселен тұзды жерлерді қалпына келтіру үшін тарту және жол шаруашылығына пайдалану мәселесіне қатысушы тараптардың ұсыныстары, пікірлері тыңдалып, назарға алынды. Экологиялық мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жалғаса береді.

– Әңгімеңізге рақмет!


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы