Жалдамалы тұрғын үйге қойылатын табыс шегі қалай өзгереді? «Отбасы банк» түсіндірді
Жалдамалы тұрғын үйге үміткерлерге қойылатын шекті талаптар күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты қайта қаралады
«Отбасы банк» жалдамалы тұрғын үйге үміткерлерді іріктеу кезінде қолданылатын шекті көрсеткіштердің қалай өзгеретінін түсіндірді. Бұл көрсеткіштер күнкөріс деңгейінің мөлшеріне тікелей байланысты және ол артқан сайын шекті талаптар да қайта қаралады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жалдамалы тұрғын үйге үміткерлерді іріктеу кезінде «Отбасы банк» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді пайдаланады. Ал тұрғын үй беру талаптары мен қағидаларын ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекітеді.
Бюджет қаражатына қатысты барлық талаптар мен тұрғын үй беру қағидаларын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекітеді. Ондағы шекті көрсеткіштердің барлығы күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланысты. Сондықтан күнкөріс деңгейі жыл сайын артқан сайын, бұл шекті мәндер де өзгереді, – деді Ләззат Ибрагимова.
Оның сөзінше, «Отбасы банк» тиісті есептеулерді жүргізіп, өз ұсыныстарын уәкілетті министрлікке жолдап отырады.
Көрсеткіштердің мөлшеріне қатысты есептеулерді біз жүргіземіз және әрдайым өз ұсыныстарымызды береміз. Әдетте біз өз ұсынысымызды енгіземіз, ал министрлік бұл көрсеткіштердің барынша төмен болғанын қалайды, – деді банк басшысы.
Осылайша, жалдамалы тұрғын үй бағдарламалары бойынша қойылатын талаптар күнкөріс деңгейінің өзгеруіне қарай қайта қаралып, соңғы шешімді уәкілетті мемлекеттік орган қабылдайды.