«Зейнетақы рейтингін көтеремін»: Ақтөбеде 22 адамның атынан несие рәсімдеген жігіт ұсталды
Ақтөбеде зейнетақы жинақтарының рейтингін көтергісі келген 20-дан астам адам алаяқтың құрбаны болған. Жалпы зиян көлемі 18 миллион теңгеден асты.
Зейнетақы жинақтарының рейтингін көтереміз деп ойлаған 20-дан астам адам алаяқтың құрбаны болды.
Ақтөбе қаласының 26 жастағы тұрғыны алаяқтық дерегі бойынша ұсталды. Алдын ала тергеу барысында күдікті «зейнетақы жинақтарының рейтингін көтеремін» деген сылтауымен азаматтардың сеніміне кіргені анықталды.
Ол азаматтардан ұялы телефондарын алып, олардың жеке деректерін пайдалана отырып, микрокредиттік ұйымдарда несиелер рәсімдеген. Кейіннен, бірнеше айдан соң, азаматтар банктерден кешіктірілген төлем туралы хабарлама алған кезде қайтадан оған жүгінген. Күдіктінің айтуынша, ол осы мүмкіндікті пайдаланып, қайтадан несиелер рәсімдеген. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде 22 адам зардап шекті. Жалпы зиян көлемі 18 миллион теңгеден асты. Осы факті бойынша тергеу жүргізілуде, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін алаяқтар сіздің атыңыздан кредит алмауы үшін не істеу керек екені туралы мамандар кеңесі жарияланды.