Зерттеу. Атеист жастар қай өңірде көп тұрады?
«Қазақстан жастары» зерттеу орталығы ел жастарына сауалнама жүргізген болатын. Түрлі сала мен тақырыпты қамтитын зерттеуде жастардың діни көзқарасына қатысты деректер жарияланды, деп хабаралайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстандағы діни ахуал діни кеңістіктің қоғамда, әсіресе жастар арасында әр текті болуымен сипатталады. Діни бірегейлік, жастар өміріндегі дін қатысуы мен діни құндылықтар мәселесі, сол сияқты оның білім саласы мен әлеуметтік қатынастарға ықпалы өзекті болып қалуда. Діни экстремизммен байланысты оқиғаларды ескере отырып, діни ахуалдағы жастарды радикализациялау мәселесі туындайды, - делінген сараптамалық баяндамада.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жас қазақстандықтардың 83,1%-ы өздерін дінге сенушілерге жатқызады, олардың ішінде діни нормаларды ұстанушылар – 8,9%. Негізгі бөлігі өздерін тұрақты емес ұстанушыларға жатқызады:
«Дінге сенемін, бірақ тек мейрамдарда ғана мешітке/шіркеуге және басқа орындарға барамын» - 38,1%. Ал дінге сенетін, бірақ діни қауымдастық өміріне қатыспайтындар үлесі – 36,1%.
Діни нормаларды ұстанушылар жас әйелдер арасында жиі кездеседі (ерлердегі 6%-ға қарсы 11,8%).
Тұрақты емес ұстанушылар ерлерде көбірек (әйелдердегі 36,6%-ға қарсы 39,6%). Тек мектеп білімі бар кіші жас тобы (14-18 жас) бойынша діни нормаларды ұстанушы жастардың көптігіне (15,4%) назар «Қазақстан жастары» 59 аударған жөн.
Ал «Мен дінге сенемін, бірақ тек мерекелерде мешітке, шіркеуге және т.б. барамын; діни нормаларды өте сирек сақтаймын» тобының арасында орта жастағы санаттағы респонденттер жиі кездеседі: 19-23 жас – 41,4%.
Этностар тұрғысынан жасалған жіктеулер басқа этникалық топтарға қарағанда жас қазақтар үшін діни нормаларды ұстану маңызды екенін көрсетті, көрсеткіш – 10,5%. Орыс жастарында бұл көрсеткіш төмен, респонденттердің 5,2%-ы ған өздерін дінге сенушілерміз деп көрсетті. Сонымен бірге орыстар өздерін тұрақты емес дінге сенушілер қатарына көбірек жатқызады – 45,8% (бұл көрсеткіш қазақтарда – 36,5%, өзге ұлт өкілдерінде – 32,1%). Дінге сенушілердің негізгі тобы оңтүстік аймақтарда, сол сияқты Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында шоғырланған.
Әрбір оныншы (13,3%) жас қазақстандық дінге сенуші емес, олардың арасында сенбеушілер, атеистер, агностиктер бар. Бұл категорияға жататындарды өзге ұлт өкілдері арасында жиі кездестіруге болады, жиынтығында - 18,4% (қазақтар – 13,6%, орыстар – 8,2%).
Дінге сенбеуші жастардың негізі бөлігі Қарағанды мен Қостанай облыстарында тұрады. Сонымен бірге Ұлытау облысында жас респонденттердің 22,7%-ы өздерін дінге сенуші емес, бірақ діни нормаларды сақтаушылар қатарына жатқызғаны қызық жайт. Жастардың негізгі бөлігі дәстүрлі исламды ұстанада – 83,4%.
Басқа діни ағымды ұстанушылар тек 4,7% болды. Олардың ішінде православие – 2,2%, католицизм – 1,3%, протестантизм – 1,2%, жаңа діни ағымдар – 0,3%.
Елдің жастарының конфессиялық құрылымында жаңа ағымдар да бар, конфессиялардан тыс сенушілер пайда болды. 8,2 % жастар еш конфессияға жатпайтын нанымды ұстанады. Гендерлік тұрғыдан дәстүрлі исламды ұстанушылар ерлерге (79,6%) қарағанда жас әйелдер қатарында көбірек (87,2%).
Ал православтар, протестанттар қатарында әйелдерге қарағанда ерлер көбірек.
Дінге сенушілер қатарындағы жастар үлесі артып келеді.
Жастардың дінге жүгінуіне қандай факторлар ықпал етуде?
Негізгі ықпал етуші отбасы, респонденттердің 41,8%-ы өздерінің діни таңдауы мен нанымына ықпал еткен атааналар мен туыстар екенін жеткізді. Сауалға қатысушы жастардың үштен бірі (27,3%) өздерінің діни сенімі туғаннан қалыптасты деп жауап берді.
Дегенмен, туғаннан қалыптасатын діни сенімге отбасындағы тәрбие, мәдени және дәстүрлі ерекшеліктер, сол сияқты жастардың әлеуметтік ортасы да ықпалын тигізеді деп ой түюге болады. Сол сияқты уақыт өте келе діни сенімдер өзгеруі мүмкін екенін де атап кеткен жөн. Сонымен бірге қазіргі әлемде жастарға ғылыми даму, білім, ақпараттың қолжетімділігі мен мәдени көзқарастардың сан түрлілігі де әсер етуі мүмкін. Осының бәрі діни ұстанымдардың өзгеруіне ықпалын тигізуі мүмкін.