Зайытов президенттің келуіне орай салынған жол туралы: Жүйені сындыру керек

Депутат Ринат Зайытов Абай облысында президенттің келуіне орай салынған жолдың күлкілі жағдай екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде президенттің Абай облысындағы жағдайды бақылау үшін өңірге барар алдында тас жол төселгені туралы ақпарат тараған болатын.

Мәжілістің кулуарында депутат Ринат Зайытов осы жағдайға қатысты ойын айтты.

Күлкілі жағдай ғой. Оның толық бағасын Президент өзі де берді. Менікі артық шығар. Бұл - біздегі 30 жылда қалыптасқан жүйе. «Президент келе жатыр» десе, жолды «өтірік» жөндеп қою, «өтірік» қоршаулар салып қою. Біз жүйені сындырып, өзгертуіміз керек, - деп айтты депутат.

Зайытов жағдайды қалай шешетінін айтты.

Біріншіден, неге олар ақпаратты, есепті осынша жыл жалған бергенін, осы жыл бойы бөлінген қаржының қайда кеткенін анықтау. Содан кейін бұл ведомствода бір министр емес қой, тәуелсіздік алғалы біраз министр ауысты. Соның барлығының жұмысын қарап шығу керек. «Ең болмаса 91 жылғы техниканы көрген жоқпыз» дейді. Бұл не сұмдық? – деп айтты депутат.

Еске сала кетсек, Ринат Зайытов Абай облысындағы алапат өртке қатысы барлар тергелуі керегін айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы