Зарема Шәукенова: Мемлекеттің құрылысы үшін халықтар арасындағы келісім мен бірлік маңызды

Мемлекеттің құрылысы үшін халықтар арасындағы келісім мен бірлік маңызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұндай пікірді Қазақстан халқы Ассемблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шәукенова айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар қазақстандықты, соның ішінде халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн II дәрежелі «Достық» орденімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің азиялық зерттеулер институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Ким Гераны марапаттады. Осылайша, Мемлекет басшысы іргелі ғылыми зерттеулердің, ғалымдардың, сарапшылардың этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға қосқан үлесінің маңызды рөлін атап өтті.

Мемлекеттің құрылысы үшін халықтар арасындағы келісім мен бірлік жоғары маңызға ие. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл тақырып бойынша жүргізіліп жатқан барлық зерттеудің кері байланысы міндетті болуы тиіс. Оның ішінде, Қазақстан халқы Ассамблеясынының төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметке және оған бейінді министрліктерінің қатысуымен ұлт құрылысы мәселелері бойынша талдау баяндамасын әзірлеуді тапсырды. Бұл баяндаманы әзірлеуге Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің (ҒСК) мүшелері белсенді қатысады, - деді Шәукенова.

ҚХА ҒСК Президенттің 2022 жылғы 15 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын» дайындауға қатысқан болатын. Бұл құжатта қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеу «қазақстандық патриотизм, мемлекеттік тілдің рөлін біріктіретін азаматтық теңдік, «әралуандықтағы бірлік» идеясы, ұлттың тұрақты жаңғыруы, сондай-ақ интермәдени саясат қағидаттары негізінде» жүргізілуге тиіс екендігі көрсетілген.

Интермәдениеттілік ұғымы алғаш рет Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар және әлеуметтік интеграция саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуіне арналған ресми құжатта қолданылған болатын. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасында» этникалық және мәдени әралуандылықты басқару стратегиясы, көпұлтты мемлекеттердің әлеуметтік интеграциясының жаңа парадигмасы ретінде интермәдениеттіліктің жалпы сипаттамасы берілген: «Интермәдениеттілік әртүрлі мәдениеттерді біріктіретін мүдделерді іздеуді және әртүрлі этностар өкілдері арасында өзара оң іс-қимылды жолға қоюды бірінші орынға қояды. Мәдени айырмашылықтарды мойындай отырып, интермәдениеттілік жабық мәдени қауымдастықтар құруға қарсы», - деп айтты Қазақстан халқы Ассемблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрағасы.

Зарема Шәукенованың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде халықтың барлық тобының ортақ құндылықтары мен мүдделерін іздеу, азаматтық бірегейлік пен бірлескен қызметті нығайту процесінде мәдени және этникалық шекараларды еңсеру, тұйық этномәдени қоғамдастықтар құру үрдістеріне қарсы тұру, этностардың біртұтас азаматтық ұлтқа әлеуметтік-мәдени интеграциясы сияқты мәдениетаралық саясат қағидаттарына баса назар аударылады. Азаматтық бірегейлікті нығайту туралы бұл тезисті Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде нақты тұжырымдап, дәлелдеп берді.

Интермәдениеттілік қазіргі әлем дамуының ең күрделі, өзекті мәселелерін, соның ішінде әділетті Қазақстанды құруда маңызды рөл атқаратын мәселелерді шешуге бағытталған саясат ретінде пайда болды және қазіргі уақытта дамып келеді. Интермәдениеттілік – көпұлтты қауымдастықтың азаматтық, әлеуметтік және мәдени интеграциясының тұжырымдамасы. Интермәдениеттілік тұжырымдамасы әлеуметтік-мәдени интеграцияны диалог пен қосымша мәдениетаралық өзара ықпалдастықтың негізінде азаматтық консолидацияның мәдени кеңістігін қалыптастырудың динамикалық процесі ретінде қарастырады, - деп түсіндірді сарапшы.

Дәл осындай жалпыұлттық бірлікке қол жеткізу мен оны нығайту жолы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2022 жылдың 16 наурызындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз. Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналады» деп атап өткен болатын.

Интермәдени парадигмаға сәйкес, интеграция және әлеуметтік шоғырландыру процестері негізінен азаматтық қоғамның коммуникативті кеңістігінде, тұлғааралық қатынастарда дамуы керек. Мемлекет басшысының сөзінің негізгі түйіні – жалпыұлттық бірегейліктің әлеуметтік-саяси, экономикалық және рухани ортақтығы негізінде тарихи жолмен қалыптасу және даму. Әлеуметтік, экономикалық және мәдени интеграцияға негізделген, ассимиляциялық астары жоқ, бірақ өзара әрекет ету принципі мен механизміне бағынатын азаматтық бірегейлік маңызды. Біздің қоғам - еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Біз – әрбір ұлт достықты, келісім мен үйлесімділікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосып отырған біртұтас қазақ отбасымыз, - деді Шәукенова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы