Заңсыз микрокредит дауы: Қазақстанда атышулы кәсіпкер Сергей Койнов ұсталды

Қазақстанда «Актив Маркет» желісінің иесі, белгілі кәсіпкер әрі блогер Сергей Койнов ұсталды. ҚМА заңсыз несие беру, кіріс заңдастыру схемасын ашып, 3,5 млрд теңге көлемінде қаржы заңсыз алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Койновқа тағылған айыптар

16 қыркүйек күні Kozachkov offside Telegram-арнасында Ақтөбеде кәсіпкер Сергей Койновтың ұсталғаны хабарланған болатын. Ол заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды деген күдікке ілінді.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Койнов сенімді тұлғалары арқылы бірнеше компания ашып, оларды «Актив Маркет» брендімен тіркеген. Сырттай комиссиялық дүкен ретінде көрсетілген бұл нысандар іс жүзінде лицензиясыз ломбард қызметін атқарған.

«Актив Ломбард» желісінің шамамен 200 филиалы елдің әртүрлі өңірінде жұмыс істеген. Бір ғимаратта әрі дүкен, әрі ломбард қатар қызмет көрсетіп, бір персонал пайдаланылған, – делінген агенттік хабарламасында.

Қаржылық заңбұзушылықтар

АФМ дерегінше, қысқа мерзімді қарыздарға заң бойынша күндік сыйақы мөлшерлемесі 0,3%-дан аспауы тиіс. Алайда Койнов компаниясы 15 күнге 16,2% сыйақымен несие беріп, заңда белгіленген шектен 4 есеге артық мөлшерлеме қолданған.

Осының салдарынан жүздеген мың азамат, оның ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар қарыз қақпанына түскен. Соңғы екі жылда заңсыз жолмен 3,5 млрд теңгеден астам қаржы өндіріп алынған.

Сонымен қатар, Койнов 1,9 млрд теңгені заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасасып, қаражатты жеке депозитіне аударғаны анықталды.

Тергеу барысы

Ел бойынша 200-ден астам тінту шарасы жүргізіліп, дәлелдер тәркіленді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жалғасуда (ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды).

АФМ сонымен қатар қазақстандықтарға түсініктеме берді:

«Актив Ломбард» ресми лицензиясы бар заңды ұйым болып қала береді. Оның филиалдары жабылған жоқ, кепілге қойылған мүлік тәркіленбеді және клиенттердің қарауында, – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда микрокредит бойынша заңсыз сыйақы алу фактілері бойынша тағы 14 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл істер бойынша 15 адам күдікті ретінде танылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы