Қырғыздың қазіргі заман әдебиеті қазақ оқырмандарына жол тартты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өтіп жатқан «Eurasian Book Fair–2019» ІV Евразиялық Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Халықаралық Түркі академиясы қырғыз тілінен қазақ тіліне аударылған бірнеше кітапты таныстырды.

Мергенбай Медеров жырлаған «Манас» эпосы, жазушы Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романы және «Қазіргі қырғыз поэзиясы» мен Шыңғыс Айтматовтың «Балалық шақ» қатарлы кітаптардың тұсаукесеріне академия президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, кітап авторы Сұлтан Раев, танымал компазитор, музыкатанушы Ілия Жақанов, белгілі манасшы, ақын Баянғали Әлімжан, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, «Қазіргі қырғыз поэзиясы» жинағына енген жас ақындардың өлеңін қазақ тіліне тәржімалаған Саят Қамшыгер т.б. екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық, әдеби-мәдени байланыс, рухани бауырластыққа ерекше тоқталған Елші көрме-жәрмеңкені ұйымдастырушыларға және қырғыз әдебиетін қазақша сөйлеткен Түркі академиясы басшылығына алғысын білдірді.

«Көрмені ұйымдастырушыларға да, оны тиімді пайдаланып бауырлас халықтардың әдебиетін қазақ оқырмандарына танытып жатқан академия басшылығына да ризашылығымды білдіремін. Қазір өздеріңіз көріп отырған «Манас» эпосы әлемдегі бірден бір рухани мұра. Ал «Балалық шағы» қазақша сөйлеген Шыңғыс Айтматов – өздеріңіз білетіндей, көзінің тірісінде «Адамзаттың Айтматовы» атынған тұлға. Сондай-ақ, «Жанжазаның» авторы орталарыңызда отыр. Романның қалай өмірге келгенін өзі айтып берер. Ал «Қазіргі қырғыз поэзиясы» да сіздер үшін жат болмаса керек. Бүгінгі ұрпақтың беталысы, бауырлас елдің заманауи әдебиетінің қуатын танисыздар деп ойлаймын» - деді Елші.

Керемет таныстырылымда ән өнерінің падишасына айналған Ілия Жақанов өзінің балалық шағы қырғыз халқының ортасында өткенін, тіпті алғашқы марапатты, құрметті Қырғыз елінен көргенін айта келіп, сол бір балалық шағынан қалған мұңлы да сағынышқа толы қырғыз әндерін орындап берді.

Қырғыз бен қазақтың руханияты сөз болғанда Баянғали Әлімжанды тыңдамай кету мүмкін емес. Қазақтан шыққан жалғыз манасшы таныстырылымға келген оқырмандар мен зиялы қауым өкілдеріне «Манас» жырынан үзінді айтып берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы