Юрий Мельниченко Азиада чемпионы атағынан айырылған Ясмина Тоқсанбаеваға үндеу жасады
Қазақстан Күрес федерациясы вице-президентінің мәлімдемесі: Юрий Мельниченко Ясмина Тоқсанбаеваға қолдау білдірді.
«Қазақстан күрес федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, еңбек сіңірген спорт шебері, ХХVІ жазғы олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко аяқ киімі үшін Азиада чемпионы атағынан айырылған Қазақстан спортшысы Ясмина Тоқсанбаеваға қолдау білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ясмина, саған бірнеше сөз айтқым келеді. Мен талай жылдан бері спортта жүрмін. Жапонияда өткен Азия ойындарында, Олимпиадада, әлем чемпионаттарында жеңіске жеттім. Бірақ жеңілген кездерім де болды, әлем чемпионаттарынан екі рет екінші орынмен қайттым. Ең маңызды сабақтарды тұғырда емес, солардан алғаныма сен де сенші, - деп жазды Юрий Мелничко.
Ол Ясминаның еңбегін барлық ел көргенін, қазір спортшы үшін бұл ауыр сын екенін түсінетінін жеткізді.
Кеше сен өміріңде алғаш рет марафон қашықтығын бағындырдың. 42 шақырым 195 метр. Барлық қарсыласыңнан әлдеқайда озып, 21 жасыңда бірінші болып мәреге жеттің. Мұны бүкіл ел көрді. Қарсыластарың да көрді. Артынан болған жағдай өте ауыр тигенін білемін. Түсінемін. Бар күшіңді сарп еткен еңбегіңді тартып алғанда, кез келген спортшы үшін бұл – үлкен сын. Қазір денең мен ойыңды қалпына келтіріп, күш жинауға уақыт беру маңызды. Бірақ ең бастысын ұмытпа. Хаттаманы өзгертуге болар. Ал сенің қайрат-жігеріңді, мінезіңді және сол шақырымдарды қалай еңсергеніңді ешкім де өзгерте алмайды. Бұл мәңгіге өзіңмен қалады, - деп жазды қолдауында чемпион.
Сондай-ақ, Юрий Мельниченко оған сенім білдіретінін атап өтті.
«Қайта оралып, бұны бәрібір жасаймын» деп өзің айттың. Мен саған сенемін. Мұндай сәтте мұндай сөзді тек нағыз чемпиондар ғана айтады. Алда әлі талай жарыстар мен жарқын жеңістер күтіп тұр. Ал біз әрқашан сен үшін жанкүйер боламыз. Мықты бол. Сен әлдеқашан жеңіске жетіп қойдың, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін қазақ спортшысы аяқ киімі үшін Азиада чемпионы атағынан айырылғаны, ҰОК апелляцияны қарастырып жатқаны хабарланды.