Юлия Лагуткина: Абайдың 50 өлеңін жатқа білемін!

BAQ.KZ ақпарат агенттігінің  "Шаңырақ" бағдарламасының кезекті саны көрерменге жол тартты.Жобаның бұл жолғы қонағы - Астана қаласы Ассамблеясы Жастар қанатының жетекшісі Юлия Лагуткина.

Юлия Лагуткина Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында туып өскен. Жастайынан зерек Юлия бастауыш сыныпта жүргенде-ақ қазақ тілін меңгеріп алады.

Орта сыныптарда жүріп түрлі мектепішілік, ауылдық сайыстарда шыңдалған Юлия жоғары сыныптарда облыстық, республикалық қазақ тілі олимпиадаларында, "Абай оқулары" сайыстарында көзге түседі.

Астана қаласына оқуға түсіп, студент атанған Юлия қоғамдық жұмысқа белсене араласып, қаладағы Ассамблея жұмысына кірісіп кетеді. Бүгінгі күні де сол бағыттағы жұмысын жемісті жалғастырып келеді.

Юлияның ойынша, қазақ тілінің оқыту әдістемесі жаңа заманға сай болуы керек.

Цифрлық заманда ескі әдіспен үйрету тиімсіз, бала қазір нені қызықтап отыр, сонымен үйретуіміз керек,-  дейді Юлия. 

Бос уақытында қазақ тіліненен репетитор болып жұмыс істейтін қаршадай қыздың пікірі ойға қонымды-ақ.

Әңгіме барысында астаналық жастардың жай-күйі, қазақтың салт-дәстүрлерінің заманауи өзгерістері туралы кеңінен сөз болды.

"Шаңырақ" - түрі өзге болса, тілі қазақша азаматтармен мемлекеттік тілде сұхбат құратын, сол арқылы қоғамға ой тастауды мақсат тұтатын жоба. Жоба негізінен елге танымал азаматтармен қатар, бұған дейін қалың жұртшылыққа беймәлімдеу боп келген жастар сөйлейтін алаң болмақ, көрерменге сонысымен де тартымды болуды көздейді.

Бұған дейін "Шаңырақ" бағдарламасының кезекті қонағы Астана қаласының тұрғыны, 25 жастағы Сергей Адлермен әңгіме барысында бас қаладағы жастардың тілі туралы тақырып кеңінен айтылған еді.

Айта кетейік, BAQ.KZ өзінің көрермендері мен оқырмандарына «Мен таңдаған мамандық», «Мен Ассамблеяның баласымын» атты жаңа жобаларды ұсынған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы