«Яндекстегі» ақаудан кейін «1С Қазақстан» мәлімдеме жасады
Қазақстанда «Яндекс» сервистерінің жұмысында болған іркілістен кейін «1С Қазақстан» компаниясы өз жүйелерінің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, «Яндекс» платформаларындағы жағдай Қазақстандағы 1С инфрақұрылымына қатысы жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Яндекс» сервистерінің жұмысындағы ақауларға түсініктеме берген еді. Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Министрлік серверлердің Қазақстанда орналасуы цифрлық платформаның барлық компоненті ел ішінде жұмыс істейді дегенді білдірмейтінін атап өтті. Атап айтқанда, такси және жеткізу қызметтерін көрсетуге қажетті кейбір компоненттер шетелде орналасқан. Сондықтан шетелдегі инфрақұрылымда туындаған ақаулар Қазақстандағы сервистердің жұмысына да әсер етуі мүмкін.
Осы жағдайға байланысты «1С Қазақстан» компаниясы өз инфрақұрылымының ерекшеліктерін түсіндірді.
Қазақстандағы 1С инфрақұрылымының барлық бөлігі – бұлтты сервистер де, жергілікті жүйелер де – тек Қазақстан аумағындағы жергілікті серверлерде орналасқан. Қазақстанда 1С технологиялары мен сервистерін пайдаланатын бизнес өкілдерінің алаңдауына негіз жоқ, – делінген компанияның ресми мәлімдемесінде.
Компанияның мәліметінше, Қазақстан нарығына арналған 1С бағдарламалық өнімдерін Алматы, Астана, Өскемен, Қарағанды, Қостанай және еліміздің басқа да қалаларындағы отандық мамандар әзірлеп, қолдап отырады.
Қазақстандық әзірлеушілер бағдарламалық шешімдерді ұлттық заңнама талаптары мен жергілікті бизнестің қажеттіліктеріне бейімдейді. Бұл, әсіресе, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу үшін маңызды. Себебі бағдарламалық қамтамасыз ету заңнамадағы өзгерістерді уақтылы ескеруге тиіс.
Компания қазір қалыпты режимде жұмыс істеп, бағдарламалық өнімдері мен сервистерінің тұрақты қызметін қамтамасыз етіп отырғанын хабарлады. Сондай-ақ Қазақстандағы пайдаланушылар мен серіктестерге техникалық қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр.
«Яндекс» сервистері неге істемей қалды?
Еске салайық, Қазақстанда «Яндекс» сервистерінің курьерлер мен такси жүргізушілеріне арналған қызметтері уақытша қолжетімсіз болған. «Яндекс Go» баспасөз қызметі техникалық мамандар сервистердің жұмысын қалпына келтірумен айналысып жатқанын хабарлаған.
Министрлік түсіндіргендей, серверлердің Қазақстанда орналасуы бүкіл платформаның ел ішінде толық автономды жұмыс істейтінін білдірмейді. Такси мен жеткізу қызметтеріне қажетті кейбір компоненттер шетелдегі инфрақұрылымға тәуелді.
Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, дрондар «Яндекстің» Владимирдегі, Рязань облысындағы және Калугадағы деректер орталықтарының инфрақұрылымына шабуыл жасаған. Бұған дейін Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург сияқты ірі қалаларында такси шақыру мүмкін болмай, Беларусь пен Арменияда да қосымшаның жұмысында ақаулар байқалғаны хабарланған.
Еске салсақ, Қазақстанда «Яндекс» сервистері неге істемей қалғаны белгілі болды. Министрлік серверлер Қазақстанда орналасқанымен, кейбір сервистердің компоненттері шетелде екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, телефондағы «Яндекс» қолданбасы уақытша істемей қалғандықтан, бәсекелес inDrive сервисі такси құнын өсіргені анықталды. Такси бағасының өсуіне байланысты inDrive ескерту алды.
Тағы оқи отырыңыз: Яндекстегі ақау: Депутат Бас прокуратурадан тексеру жүргізуді сұрады