Ян Непомнящий шахматтан әлем чемпионы атағына бір табан жақындады

Бүгін Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың 10-шы партиясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижен арасындағы шайқас тең аяқталды. Бұл ойында қара фигуралармен ойнаған Ян қытайлықтың барлық шабуылын тойтара алды.

Осылайша Непомнящий тең нәтиже көрсетіп, әлем чемпионы атағы үшін матчта жеңіске бір табан жақындай түсті. Қазіргі кезде ол жалпы есепте 5,5:4,5 нәтижесімен алға шықты. 11-ші партия 24 сәуірде ойналады.

Айта кетейік, елордада өтіп жатқан жарыс 14 партиядан тұрады. Алайда ойыншылардың біреуі 7,5 ұпай жинаса, мерзімінен бұрын Әлем чемпионы атануы мүмкін. Ал шахматшылар тең түссе, жеңімпаз жылдам шахмат бойынша плей-оффта анықталады.

Ян Непомнящий шахматтан әлем чемпионы атағы үшін осымен екінші рет таласып жатыр. Екі жыл бұрын ол норвегиялық Магнус Карлсенге жеңіліп қалған еді. Ал Дин Лижен чемпиондық тәж үшін бәсекеге түсіп жатқан алғашқы қытайлық шахматшы. Жарыстың жүлде қоры 2 миллион доллар, оның 60 пайызын жеңімпаз, ал 40 пайызын 2-ші орын алған шахматшы алады.

Еске сала кетейік, 7 сәуірде Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін жарыс басталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: kazchess.kz
Өзгелердің жаңалығы