14 Тамыз 2026, 03:40 Фото: depositphotos.com

Wildberries пен сатушылардың шығыны 800 млрд рубльге жетуі мүмкін

Маркетплейс сатушыларының жалпы шығыны 445–507,8 млрд рубль деп бағаланып отыр.

Украиналық дрондардың Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасаған шабуылдарынан компания мен маркетплейс сатушыларының жалпы шығыны 600–800 млрд рубльге жетуі мүмкін. Бұл туралы ресейлік Forbes Data Insight зерттеу агенттігінің сарапшысы Сергей Семконың бағалауына сілтеме жасаған Deutsche Welle хабарлады.

Сарапшының мәліметінше, зақымданған қоймалар мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге 147–223 млрд рубль қажет болуы мүмкін. Ал нысандарды толық бөлшектеу, қоқысты шығару және аумақты қалпына келтіру қажет болған жағдайда Wildberries-тің шығыны 278,9 млрд рубльге дейін жетеді.

Маркетплейс сатушыларының жалпы шығыны 445–507,8 млрд рубль деп бағаланып отыр.

Бұған дейін Ресейдегі сауда тауарларын жеткізушілер қауымдастығының басшысы Маргарита Евстигнеева қоймаларға жасалған шабуылдардан 400 мыңнан астам сатушы зардап шеккенін мәлімдеген. Оның айтуынша, жоғалған пайданы қоса есептегенде, жалпы шығын 600–700 млрд рубль болуы мүмкін.

Украина Ресейдегі Wildberries логистикалық орталықтарына шілде айының ортасынан бері бірнеше рет соққы жасаған. Reuters агенттігінің спутниктік суреттерді талдауына сәйкес, компания қойма қуатының шамамен 20%-ынан айырылуы мүмкін. Кемінде 14 логистикалық орталықта өрт болған.

Еске салайық, Wildberries қоймаларына жасалған шабуыл салдарынан Қазақстандық кәсіпкерлер миллиардтаған теңге шығынға батты.

Сондай-ақ, Wildberries қоймаларын Қазақстанға ауыстыра ма деген сауалға Сауда министрлігі жауап берген еді.