20 Қараша 2026, 15:02 Фото: Istockphoto

WhatsApp-ты бұғаттаса да тыныштық бермеген: Қарағандыда қызды екі жыл бойы аңдыған жігіт жауапқа тартылды

Қарағанды тұрғыны сталкинг жасағаны үшін 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының сотында сталкинг, яғни адамның еркіне қарсы заңсыз аңду және онымен байланыс орнатуға мәжбүрлі түрде әрекет жасау бойынша айыпталған жігітке қатысты қылмыстық іс қаралды. 

Белгілі болғандай, сот 2024 жылғы 12 наурыздан 2026 жылғы 14 қыркүйекке дейінгі кезеңде сотталушы жәбірленушінің онымен қарым-қатынас жасағысы келмейтінін біле тұра, оны жүйелі түрде аңдығанын анықтады. Ер адам бірнеше рет оның тұрғылықты жеріне келіп, жанжал шығарып, балағат сөздер айтқан.

Жәбірленуші оның байланыс нөмірлерін бұғаттағанына, сондай-ақ 2026 жылғы 24 тамызда жігітке қатысты қорғау нұсқамасы шығарылғанына қарамастан, ол аңду әрекеттерін тоқтатпаған және жәбірленушімен байланыс орнату мақсатында WhatsApp мессенджері арқылы оған хабарламалар жазуды жалғастырған.

Сот үкімімен жігітке 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалған, оған 1 жыл мерзімге мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген: жәбірленушінің еркінен тыс оны іздеуге, қудалауға, оның жүрген жерлеріне баруға, онымен ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, сондай-ақ отбасы мүшелері арқылы да қоса алғанда, өзге де тәсілдермен байланыс орнатуға тыйым салынған. Сот үкімі заңды күшіне енді, - деп жауап жолдады Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан аудандық сотының баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде сталкингты махаббатпен шатастырған тұрғын жауапқа тартылды. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Бұрынғы әйелін аңдыған ақтөбелік ұсталды

Мобильді аударымдар арқылы сталкинг жасаған кәсіпкер 25 тәулікке қамалды