West Oil мәселесі. Қарақия ауданының әкімі сауалдарға жауап берді
21 ақпан күні Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев Жетібай ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы Жетібайда ереуілде тұрған "West Oil" мекемесі жұмысшыларының ата-аналары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Аудан әкімі жұмысшылардың кейбір талабы орынсыз екенін айтты. Сол себепті текетірес жасамай, жұмысты жалғастыруы керек деп отыр.
Ереуілшілер қойып отырған үш талаптың екеуі мекеменің құзырына кірмейді. Мекеме тек қана техниканы жаңартуды іске асыра алады. Ал "ҚазМұнайГазға" ауыстыру жөніндегі талапты мекеме шеше алмайды. Кеше ҚМГ-ның ресми өкілі Жасұлан Балуанов "ҚМГ-ға бұл адамдарды жұмысқа алмаймыз және жаңа мекеме құрмаймыз, бірақ SIMAZ деген компаниямен 72 техника сатып алу жөнінде келісімшарт жасалды" деп айтты. Ал наурыз айының алғашқы онкүндігінде 26 техника мекемеге жіберілетін болды. Осы жылдың екінші жартыжылдығында жұмысшылардың барлық жағдайы жасалады. Бұл мәселе шешімін тауып жатыр. Жұмысқа шықса жалақысы азаймайды. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық адам ереуілді тоқтатып, жұмысқа шықты. Жұмысты тоқтатудың бекер екені, талаптың орынсыз екені түсінген адамға белгілі. Олардың ең төменгі жалақысы 380 мың теңге, орташа айлығы 730 мың теңге, ал ең көп еңбекақысы 890 мың теңге. Әлеуметтік пакет те қарастырылған. Бұл жерде азаматтар ешқандай текетірес жасамай, түсіністік танытуы тиіс деп есептеймін, - деді Сымбат Төретаев.
Аудан әкімі кездесу соңында ереуілде тұрған жұмысшыларды туындаған мәселені келіссөз үстелінде талқылап, ортақ шешімге келуге шақырды.
Еске салсақ, West Oil Software басшылығы ереуілге шыққан қызметкерлерге үндеу жолдаған еді. Сондай-ақ Жетібай тұрғындары мұнай компаниясына жұмысқа алуды талап еткен болатын. "ҚазМұнайГаз" West Oil Software қызметкерлерін жұмысқа шығуға шақырған болатын. Сонымен қатар Құрық ауылының жұмыссыз тұрғындары Westoil-ге жұмысқа орналасуды талап еткен болатын.