Вице-министр мұнайдан түскен артық ақша қайда жұмсалып жатқанын айтты
Бюджетке тек мұнай бағасы ғана емес, сонымен қатар өндіру көлемі мен теңге бағамы да әсер етеді.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Үкіметтегі брифингте мұнай кірістерінің қарапайым қазақстандықтарға әсері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мұндай табыстың әсерін төмендететін бірқатар фактор бар.
Бағаның динамикасын көріп отырсыздар, шын мәнінде ол құбылмалы – кейде 100 доллардан жоғары, кейде төмен болады. Барлығы геосаясатқа байланысты. Мұнда екі фактор бар: біріншісі – мұнай бағасының өсуі белгілі бір түсім әкеледі. Бірақ сонымен қатар доллар бағамының төмендеуі сияқты үрдіс бар. Бюджетке тек мұнай бағасы ғана емес, сонымен қатар өндіру көлемі мен теңге бағамы да әсер етеді. Қазіргі экономикалық өсім мұнайсыз қалыптасып отыр. Яғни өткен жылмен салыстырғанда мұнай өндіру көлемі азайған. Сонымен қатар бағаның өсуі өндіріс көлемінің азаюы мен бағамның төмендеу әсерін теңестіреді. Бұл туралы нақты айтуға әлі ерте, жыл ішінде көрінеді, – дейді Әмрин.
Бұл мәселеге Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов та тоқталды.
Салықтар бойынша негізгі бенефициар – Ұлттық қор. Мұнай секторының барлық салықтары сол жерге түседі. Бірінші тоқсанда Ұлттық қорға түсімдер артты, олар 784 млрд теңгені құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 622 млрд теңге болған. Бұл да жақсы, өйткені бұл – болашақтың қаражаты. Мұнай бойынша ең алдымен табыс экспорттық кедендік баж салығы түрінде түседі. Дәл осы бағыт бойынша бюджетке қосымша 40,5 млрд теңге түсті, – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қаржы министрі теңге нығайды, бірақ мұнайдан табыс азайғанын айтты.