Павлодарлық колледж студенттері вируссыз картоп өсіруде
Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ertis жоғары инновациялық аграрлық колледжінің студенттері өз алқаптарында вируссыз картоп өсіріп жатыр. Жаңа жоба Павлодар ауыл шаруашылығы сынақ стансасымен бірлесе жүзеге асырылуда.
Колледжге Павлодар ауданындағы Черноярка суармалы массивінен төрт гектарлық жер берілді. Бұл жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат - ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау барысында жаңашыл технологияларға қолжетімділікті арттыру.
Айта кетейік, Черноярка массиві - облыстағы ең ірі суармалы алқаптардың бірі. Бүгінде өзге шаруашылықтарға үлгі. Қазіргі уақытта дәл осы жерде экологиялық таза әрі ешқандай аурулары жоқ көкөніс өсіріледі.
Сынақ стансасымен келісімге келіп, элиталы вируссыз картоп өсіруге уағдаластық. Көкөністің бірнеше сұрыбының тұқымы мен техникасын серіктестіріміз ұсынды. Ең бастысы, сынақ стансасының мамандары жобаны технологиялық бөлігін толық бақылайды. Нақтырақ айтқанда, картопты отырғызу, өңдеу, тыңайтқыштарды салу, гербицидтерді пайдалану сияқты үрдістерге жетекшілік етеді. Ал орындау - біздің жауапкершілігімізде. Студенттер бұл жоба бойынша тәжірибеден өтеді. Ал оқытушылар мен шеберлер біліктіліктерін арттырып, тағылымдамадан өтеді, - дейді колледж директоры Серік Жартыбаев.
Қазіргі уақытта оқу қашықтан жүзеге асырылуда. Сондықтан алқапта жұмыс істеп жүргендердің ішінде оқытушылар да бар. Айта кетейік, бұл жобаға қатысуға агрономдармен қатар механиктер мен тракторшылар рұқсат алды.
Мамандардың айтуынша, жобаның екі бағыты бар: суармалы егін шаруашылығы және вируссыз картоп өсіру.
Алқаптарды аудандағы шаруашылықтардың тамшылату машиналарының көмегімен суарамыз. Әзірге колледждің базасында суаруға арналған инфрақұрылым жоқ. Келер жылы "Жас маман" бағдарламасы шеңберінде тамшылатып суару жабдығын сатып алуды жоспарлаудамыз, - дейді колледж директоры.
Сынақ стансасының директоры Байжан Уалхановтың айтуынша, станса вируссыз картопты екінші жыл қатарынан өсіріп келеді.
Қыс бойы приборлы өсімдік өсіреміз. Кейін оларды жылыжайлардағы жертезек стақандарына саламыз. Өсімдік жетілген соң оны станса аумағындағы топыраққа саламыз. Сол жерден шағын түйнектерді алып, супер элиталы дәрежеге жеткіземіз. Зертханада бастапқыда 2000 өсімдік салынса, қазіргі таңда олардың саны 30 мыңға жетті, - дейді Байжан Уалханов.
Қазіргі уақытта жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асырылды. Күзде өнім алынып, картоп студенттерді тамақтандыруға жұмсалады.