Вице-министр Шоранов отандық вакцинаны салдырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Нұр-Сұлтан қаласының № 9 емхана базасында елімізде әзірленген және өндірілген QAZVAC коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып алды.
Хаттамаға сәйкес, М. Шоранов медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің қорытындысынан кейін егу кабинетіне барды. Ресейлік «Спутник V» вакцинасынан айырмашылығы, бір QAZVAC құтысы бір адамға арналған.
Вакцинациядан кейін Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі медициналық бақылауда 30 минут өткізді.
Бүгіннен бастап қазақстандық вакцина біздің азаматтар үшін қолжетімді. 50 мың дозадан тұратын бірінші партиясы өңірлерге жөнелтілді. Өздеріңіз білетіндей, бұрын менің әріптестерім Ажар Ғиният пен Ерлан Қиясов «Спутник V» вакцинасымен бірінші болып егілді, бүгін біз Денсаулық сақтау министрі Алексей Владимировичпен бірге азаматтарға препараттың қауіпсіз екенін көрсету үшін отандық өндірістің вакцинасын алдық, - деп атап өтті М.Шоранов.
Бірінші вице-министр сонымен қатар жанама әсерлерді сезінбейтініне, өзін жақсы сезінетініне сендірді.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 қаңтардағы тапсырмасын орындау үшін халықты жаппай вакцинациялауды қамтамасыз ету үшін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында қазақстандық COVID-19 вакцинасының алғашқы партиясы QazCovid-in (QAZVAC) шығарылды.
«СҚ-Фармация» Бірыңғай дистрибьюторының хабтарына 50 мың доза көлемінде отандық вакцинаның бірінші партиясын жеткізу 23 сәуірде жүзеге асырылды. Оның ішінде 6 000 дозаны Нұр-Сұлтан мен Алматы, 4 000 дозадан – Шымкент, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары алады, қалған өңірлерге екі мың дозадан түседі.
Министрдің вакцинациялау рәсімі тікелей эфирде ведомствоның Facebook-тегі ресми парақшасында өтті.