12 Тамыз 2026, 01:29 Фото: Janos Kummer/ Getty Images

Венгрия Парламенті жаңа президентті сайлады

Жаңа президент 19 тамызда қызметіне кіріседі.

Венгрия Парламенті Жоғарғы Соттың бұрынғы төрағасы, 73 жастағы Андраш Баканы ел президенті етіп сайлады.

Euronews-тің мәліметінше, Андраш Бака президенттікке жалғыз кандидат болды. Оны «Тиса» басқарушы партиясы ұсынған. Жасырын дауыс беру нәтижесінде оның кандидатурасын 140 депутат қолдады.

Жаңа президент 19 тамызда қызметіне кіріседі.

Парламенттегі сөзінде Андраш Бака елдегі саяси және экономикалық жағдайға тоқталып, қоғамдағы бөлінушілікті атап өтті. Ол саяси алуандылықты құрметтеу, қарама-қайшы пікірлерді білдіру құқығын сақтау және келіспеушіліктерді күшпен шешуге жол бермеу қажеттігін айтты.

Сондай-ақ ол билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет өзі үшін емес, адам үшін бар», – деді Андраш Бака сөзінің соңында.

Айта кетейік, президент қызметі Тамаш Шуйоктың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаннан кейін бос қалған еді. Тамаш Шуйок шілде айында өз өкілеттігін тоқтататын Конституцияға енгізілген он жетінші түзетуге қол қойған болатын.