8 Қыркүйек 2026, 17:00 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Ведомствоаралық үйлестіру және сараптама: Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінде не өзгереді?

Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымындағы өзгерістер ведомствоаралық үйлестіру мен сараптамалық жұмысты күшейтіп, мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу жылдамдығын арттыруы мүмкін. Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа құрылымы мемлекеттік басқарудың тиімділігіне қалай әсер етуі мүмкін екенін BAQ.KZ тілшісі қазақстандық саясаттанушылармен талқылады.

Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесі ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілеті саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіреді. Оның Төрағасы – Президент.

2026 жылғы 29 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев №1416 Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Аппарат Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс органы болып айқындалды және оның ақпараттық-талдамалық әрі ұйымдастырушылық қызметін қамтамасыз етеді.

Жарлықпен Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары лауазымы да бекітілді. 31 тамызда бұл қызметке Аида Балаева тағайындалды.

Жаңа күштік құрылым емес, үйлестіру орталығы

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев болып жатқан өзгерістерді бүкіл ұлттық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта құру деп қабылдамау керек деп санайды. Оның айтуынша, атқарушылық функциялар ҰҚК, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, СІМ және басқа да бейінді құрылымдардың құзыретінде қала береді.

Мен мұны қандай да бір түбегейлі реформа деп айтпас едім. Қауіпсіздік Кеңесі бұрыннан бар және осы жылдар бойы саяси себептерге байланысты Президент Әкімшілігінің бөлімі ретінде жұмыс істеді. Қазір ол жеке мемлекеттік орган болып бөлініп шықты. Бұл – үйлестіруші орган екенін түсіну керек. Оның өзінде ешқандай күштік ресурс жоқ, - деді Әбішев.

Оның пікірінше, өзгерістердің негізгі мәні күштік өкілеттігі бар тағы бір органның пайда болуында емес, әртүрлі ведомстволардан келетін ақпаратты бір жерге жинақтап, тәуекелдерге бірыңғай баға беретін алаңды күшейтуде.

Бұл Қауіпсіздік Кеңесінің ресми түрде бекітілген рөліне де сәйкес келеді: ол қауіпсіздік, заңдылық және құқықтық тәртіп саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруге тиіс, ал шешімдерді тікелей орындау тиісті ведомстволардың құзыретінде қалады.

Сараптама Қауіпсіздік Кеңесінің басты ресурсына айналуы мүмкін

Әбішевтің пікірінше, жеке мемлекеттік орган мәртебесі ең алдымен Қауіпсіздік Кеңесінің сараптамалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Жеке мемлекеттік орган болып бөліну Қауіпсіздік Кеңесіне ауқымды сараптамалық ресурстар береді. Мүмкін, жетекшілік ететін ұйымдардағы сараптамалық ресурстардың бір бөлігі сонда ауысар. Техникалық және болжамдық сараптама бір жерде шоғырлануы ықтимал. ҚСЗИ және басқа да сараптамалық орталықтармен бірлесіп, оқиғалардың даму сценарийлеріне қатысты маңызды болжамдар жасай алатын мамандар болады, – деп санайды саясаттанушы.

Оның пікірінше, мұндай жүйе дәстүрлі қауіп-қатерлерді ғана емес, діни экстремизм, терроризм және басқа да тәуекелдерді тереңірек талдауға мүмкіндік береді.

Іс жүзінде бұл туындаған жағдайға әрекет етуден гөрі, болжам жасауға негізделген анағұрлым қуатты модельге көшуді білдіруі мүмкін. Мұндай құрылымда Қауіпсіздік Кеңесінің міндеті – әртүрлі органдардан келетін сигналдарды алдын ала жинақтап, ықтимал қатерді анықтау және ел басшылығына шешім нұсқаларын ұсыну.

Саясаттанушы Талғат Қалиев те қазіргі халықаралық жағдайда үйлестірудің маңызы арта түсетінін айтады.

Жаһандық турбуленттілік жағдайында қауіпсіздік абстрактілі ұғым болудан қалып, кез келген мемлекеттің басты басымдықтарының біріне айналады. Әлемнің әртүрлі өңірлерінде қайғылы қақтығыстар жүріп жатқан кезде біздің еліміз ең қауіпсіз әрі тұрақты мемлекеттердің бірі болып қала береді. Бұл жетістікті сақтау маңызды. Сондықтан Қауіпсіздік Кеңесін күшейту ведомствоаралық үйлестіруді нығайтып, оны бір идеяға бағындыруы тиіс, – деді сарапшы.

Ғазиз Әбішев ішкі және сыртқы саясат саласындағы негізгі шешімдерді мемлекеттік органдардан ақпарат алып отыратын Президент қабылдайтынын еске салды.

Алайда оның пікірінше, ұйымдастырушылық өзгерістер бұл ақпараттың жету жолын қысқартуы мүмкін.

Жеке мемлекеттік орган болып бөліну бюрократиялық тиімділікті арттыруы мүмкін, өйткені процестер мен сигналдар біршама жылдамырақ өтеді, – деді Әбішев.

Неліктен Аида Балаева?

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне Аида Балаеваның тағайындалуы – жеке назар аударатын мәселе. Ол дәстүрлі күштік блоктың өкілі емес және тағайындалғанға дейін негізінен мемлекеттік саясат, ақпарат, мәдениет және қоғамдық коммуникациялар мәселелерімен айналысты.

Еске салсақ, 2026 жылғы 31 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.

Ғазиз Әбішев бұл шешімді күштік құрылымдарды үйлестірудегі азаматтық құрамдасты күшейту қажеттілігімен байланыстырады.

Аида Балаева – азаматтық саланың өкілі әрі әмбебап саяси басқарушы. Сондықтан оның тағайындалуы, меніңше, күштік ведомстволарға азаматтық және саяси бақылау жүргізумен байланысты. Егер Аппарат азаматтық сараптамалық орган ретінде құрылса, ол Қауіпсіздік Кеңесінің сараптамалық қызметіне дәл осындай әскери емес тәсілді енгізуі керек, - деп санайды Әбішев.

Оның пікірінше, Балаеваның басқарушылық тәжірибесі, яғни мемлекеттік құрылымдардағы ішкі процестерді тиімді ұйымдастыра білу қабілеті де маңызды.

Талғат Қалиев өз кезегінде оның ақпарат саласындағы жұмыс тәжірибесіне назар аударады.

Аида Балаева – тәжірибелі идеолог, практикалық тәжірибесі мол, ақпараттық саланы жақсы білетін маман. Бұл күштік органдардың қызметі ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желілердегі резонансқа жауап беріп, сондай-ақ гибридті және ақпараттық қауіп-қатерлерге төзімділікті арттырады деген сөз. Оның ішінде кибералаяқтыққа қарсы іс-қимыл да күшейтіледі деп үміттенемін, – деді саясаттанушы.

Мұндай тағайындау ұлттық қауіпсіздік ұғымының аясы кеңейіп келе жатқанын көрсетуі мүмкін. Армия, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерден бөлек, ақпараттық тәуекелдер, киберқауіптер, қоғамдағы көңіл күй және мемлекеттің қоғамдық кеңістіктегі дағдарыстарға дер кезінде әрекет ету қабілеті барған сайын маңызды бола түсуде.

Реформаның жұмыс істеп жатқанын қалай түсінуге болады?

Сарапшылардың айтуынша, Қауіпсіздік Кеңесінің тиімділігін сандық көрсеткіштер жиынтығымен бағалау қиын.

Әбішев қауіпсіздік жүйесі үшін басты нәтиже – ірі жүйелік олқылықтардың болмауы деп санайды.

Мұнда қандай да бір арнайы KPI жоқ. Нақты нәтиже – қауіпсіздік саласында елеулі жүйелік олқылықтардың болмауы. Қауіпсіздік Кеңесінің қойылған міндеттерді қаншалықты орындап жатқанына түпкілікті саяси бағаны Президент береді, - деп түсіндірді саясаттанушы.

Қалиевтің айтуынша, ата-аналар балаларын көшеге жалғыз жіберуден қауіптенбейтін, ұлдарын әскерге жіберуге қорықпайтын, ал қайғылы оқиғалардың саны азая түсетін жағдай жүйенің табысты жұмысының көрсеткіші болмақ.

Осылайша, Қауіпсіздік Кеңесіндегі реформа Қазақстанның күштік органдар жүйесін өздігінен өзгертпейді. Оның ықтимал әсері басқа бағытта – сараптаманы күшейту, ақпарат алмасуды жеделдету, ведомствоаралық үйлестіруді нығайту және қауіп-қатерлердің алдын алу. Бұл модельдің мемлекеттік басқару тиімділігін қаншалықты арттыратынын оның тәуекелдерді жедел анықтап, мемлекеттің араласуын қажет ететін жағдайлардың алдын алу мүмкіндігіне қарай бағалауға болады.