Вакцинациялау адам құқығын бұзу болып табыла ма?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» алаңындағы сұхбатында бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отырған вакцина туралы айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдерге жаппай вакцинациялау қарқынын жылдамдатуды тапсырғанын алға тартқан бағдарлама жүргізушісі «Бұл адам құқығын бұзу емес пе? Аталған мәселеде тепе-теңдікті қалай сақтауға болады?» деп сұрады.
Бұл мәселеден шығатын тек бір ғана қорытынды бар. Біртіндеп мемлекет вакцина салдырған азаматтардың әлеуметтік басымдықтарына мән беретін болады. Сатылап, мүмкін адамдар көп жиналатын орындарға бару, сапарларға шығу екпе салдырғаны үшін басымдыққа ие болады. Адам құқықтарының бұзылуына қатысты айтатын болсам, маңызды мәселе. Бұл біздің мемлекетімізге ғана емес, бүкіл әлемге қатысты болып отыр, - деді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, әсіресе, батыстық БАҚ-ты қарайтын болсақ, адамдар вакцина салдырмаса, жұмыстан шығарылатын болатындығы айтылуда. Бірақ ол жақта ешкім конституциялық құқықтарының бұзылғандығына шағымданып жатқан жоқ. Керісінше, вакциналау адамның қауіпсіздікке құқығын іске асырады. Кім не десе де, қоғамдық орындағы кез келген қызмет көрсетуші екпе алған болса, ол жерге барған адамдардың сенімділігі артады. Бұл біздің айтып отырған қауіпсіздікті сезіну сезімі көрінеді.
Бізде көп адамдар вакцина алғылары келмейді. Мысалы, діни сенімі бойынша делік. Бірақ біздің еліміздегі дін мен вакцина арасында ешқандай қарама-қайшылық жоқ екендігі расталды. Дінді қатаң ұстанатын елдің бірі – Сауд Арабиясы қажылыққа барғандардан егілу құжатын талап етуде. Қазір әлеуметтік желілерде вакцина салдырғандар да ауырып жатыр-мыс деген сөздер жүр. Иә, ондай жағдайлар бар. Оларда ауру ағымы айтарлықтай жеңіл өтеді. Қорқынышты деректердің барлығы әлеуметтік желілер арқылы тарап жатыр, - деді Президент әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.Дәурен Абаевтың сөзіне сүйенсек, шартты түрде айтар болсақ, ақ халат киіп шығып, вакцина туралы айтқандарға адамдар қатты сенуде. Шын мәнінде ол адамның кім екендігі де белгісіз екенін айтты.
Ғаламтор арқылы таралған ақпараттардың көбін жалған деп атаған ол журналистер ақпараттар ағымын физикалық тұрғыда өңдеп үлгермейді деп отыр.
Бұған дейін Дәурен Абаев бюрократияны тексеруге кететін күштің барлығы нақты жемқорлыққа жұмсалатын болады деді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Тегін және жасырын. Тұрғындар АИТВ мәртебесін біле алады
Өзгелердің жаңалығы